Семейде ірі коммуналдық базардың құрылысы басталды
Семей қаласында облыс аумағындағы ең ірі коммуналдық базардың құрылысы ресми түрде басталды.
Салтанатты шараға Абай облысының әкімі Берік Уәли, Xin Yi Ltd компаниясының бас директоры Сүйінбай Бейсенұлы және компания өкілі Шы Цу Лян қатысты.
Жоба «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп жүзеге асырылады. Құрылыс жұмыстарын Xin Yi Ltd компаниясы жүргізіп, дайын нысанды әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның пайдалануына береді. Мұнда жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне өз өнімдерін тегін сатуға арналған сауда орындары ұсынылады. Бұл бастама бағаны тұрақтандыруға және халықты қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Жобаны Xin Yi Ltd компаниясы толық қаржыландырады. Әр кезеңдегі инвестиция көлемі – 5 млрд теңге, жалпы үш кезеңнен тұратын жобаға барлығы 15 млрд теңге жұмсалады. Бастапқы кезеңінде шамамен 2 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Сауда көлемі ұлғаяды, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіледі. Толық іске қосылғанда 5 мың адамға дейін жұмыс істейді. Сондай-ақ өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі күшейеді.
Аймақ басшысы Берік Уәли бұл жоба Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берумен қатар, Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен серіктестіктің нығаюына үлес қосатынын атап өтті.
Аймақ басшысының айтуынша, жаңа базар облыс орталығының экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, еліміздің және көршілес мемлекеттердің бізбен көршілес аймақтары үшін саула-логистикалық хабқа айналу мүмкіндігі жоғары. Сондықтан бұл нысан өңірдің сауда инфрақұрылымын жаңғырта түседі. Жоба кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасап, тұрғындарға қолжетімді бағамен сапалы тауар алуға мүмкіндік береді.