Cемей26°С
Ауа-райы
  • Абай18°С
  • Аягөз19°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау20°С
  • Курчатов18°С
  • Көкпекті17°С
  • Үржар21°С
537.96 630.27 6.73

Абай облысында «Келешек мектептері» жобасы аясында ашық есік күні өтті

Бүгін, 14:59 Думан Кенжеғазыұлы

Семей қаласының Водный кентінде 600 орындық жаңа мектеп ғимаратында ашық есік күні ұйымдастырылды. Іс-шара «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім ордасының мүмкіндіктерін таныстыру мақсатында өтті.

Жаңа үлгідегі үш қабатты №52 мектеп 2025–2026 оқу жылында ашылады. Бұл – жоба бойынша Абай облысындағы үшінші, Семей қаласындағы екінші мектеп. Бұған дейін Қарағайлы шағынауданында 1200 орындық, ал Бесқарағай ауданында 300 орындық мектеп пайдалануға берілген.

Ашық есік күніне 100-ден астам ата-ана, 60-қа жуық оқушы, мұғалімдер, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, блогерлер, сондай-ақ облыстық және қалалық білім бөлімдерінің мамандары қатысты. Қонақтар спорт және акт залы, асхана, хореография залы, бастауыш және арнайы пән кабинеттері, STEM-зертханалар, робототехника кабинеті, коворкинг аймақтары, кітапхана және оқу залын аралады. Мектеп ауласында футбол, волейбол, баскетбол алаңдары мен жүгіру жолақтары салынған.

– Бастауыш және орта буын сыныптары бөлек блоктарда орналасып, бастауыш оқушыларына қауіпсіз әрі жайлы орта қамтамасыз етілген. Әр кабинет интерактивті тақта мен жаңа компьютерлермен жабдықталған. Робототехника, 3D модельдеу және мультимедиалық үйірмелер балалардың цифрлық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік береді, – деді №52 жалпы орта білім беретін мектеп директорының міндетін атқарушы Тілек Сапышев.

Мектепте 28 заманауи оқу кабинеті, физика, химия, биология зертханалары, информатика және робототехника кабинеттері, графика және модельдеу бөлмесі, ағаш және металл өңдеу цехтары, аспаздық және тігін шеберханалары орналасады. Оқу процесіне 30 интерактивті панель, ноутбуктер, стационарлық компьютерлер мен принтерлер қойылады.

Инклюзивті білім беру талаптарына сай ғимарат лифт, пандустар, тактильді жолақтар және арнайы санитарлық тораптармен жабдықталған. Қауіпсіздік мақсатында бейнебақылау жүйесі, турникеттер, өрт дабылы, 19 апаттық шығу есігі және 7 баспалдақ қарастырылған.

Ата-аналар мен оқушылар жаңа мектептің кең әрі жарық кабинеттерін жоғары бағалап, мұндай ашық есік күнінің облыс аумағында алғаш рет өткізіліп отырғанын атап өтті.

– Екі немеремді осы «Келешек мектебінде» оқытпақпын. Құрылысы сәнді, заман талабына сай салынған. Кабинеттерді аралап көрдік, бәрі жарық әрі кең. 1–4 сынып оқушылары асханада тегін тамақтанады. Акт залы да өте жақсы. Бастауыш сыныптар шығыс блогында, орта сыныптар екінші қабатта, жоғары сыныптар жоғарғы қабатта оқиды. Кабинет қабырғаларындағы формулалар мен нақыл сөздер оқушыларға шабыт береді, – деді мектеп оқушысының ата-анасы Үзім Рамазанқызы.

Жалпы, «Келешек мектептері» жобасы аясында өңірде бес жаңа білім беру нысаны салынады. Аягөз ауданындағы 600 орындық мектеп биыл күзде ашылса, Семейдің Шығыс кентінде 300 орындық мектептің құрылысы биыл басталады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив