Мемлекетке тиісті деңгейде күтіп ұстамалған энергия объектілерін меншіктен алып қою құқығы берілетін болады
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық шаралары қаралды.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бүгінгі таңда республиканың электр станцияларына техникалық аудит аяқталғанын, бұл жұмысқа халықаралық консультанттар тартылғанын баяндады. Нәтижесінде тозу, негізгі жабдықтардың жарамдылық мерзімі, отын шығыны, технологиялық бұзушылықтар және т.б. көрсеткіштер бойынша рейтинг қалыптастырылды. Қазіргі уақытта одан әрі іс-қимыл жоспарлары дайындалып жатыр. Сонымен қатар барлық 37 ЖЭО бойынша әкімдіктермен бірлесіп, алдағы жылу беру маусымына дайындық үшін жол карталары жасалып жатыр, олар Энергетика министрлігінің бақылауында болады.
Жалпы биыл электр станцияларында 10 энергия блогын, 49 қазандықты және 54 турбинаны жөндеу жоспарланған. Бір энергетикалық блокта, екі қазандықта және үш турбинада әр түрлі кезеңдерде жұмыстар жүргізілуде. Электр желілері бойынша жалпы ұзындығы 25 мың шақырым электр беру желілерін, сондай-ақ 564 жоғары вольтты қосалқы станцияларды жөндеу жоспарланған. Электр желілерін жөндеу жұмыстары мамыр айында басталмақ.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Мұрат Қарабаевтың мәлімдеуінше, республикадағы жылумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы – шамамен 14 мың шақырым. Ел бойынша желілердің 54%-ы орташа деңгейде тозған – 7,5 мың шақырым желіні ауыстыру қажет. Ең жоғары тозу деңгейі – Абай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында.
2023 жылы бюджеттен тозу көрсеткіші 75%-дан асатын коммуникациялар бойынша 47 жобаны іске асыруға 69,4 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа шамамен 107 шақырым жылу желілерін қайта жаңарту жоспарланып отыр. Жалпы 2029 жылға қарай жылу құбырларының тозуын 43%-ға дейін төмендету міндеті тұр.
Бұдан басқа қазіргі уақытта Үкімет резервінен Ақмола және Павлодар облыстарындағы жылу желілерін реконструкциялау мен жаңғыртуға қаражат бөлу мәселесі пысықталып жатыр. Мәселен, 15 наурызда Екібастұз қаласында 4 жылу магистралін (2-ЖМ, 5-ЖМ, 8-ЖМ, 12-ЖМ) реконструкциялау және Павлодарда жаңа жылу желілерін салу бойынша оң дәйектеме алынды. Сондай-ақ Ақмола облысы әкімдігінің өтінімі бойынша Степногорск және Көкшетау қалаларында жылу жолдарын жөндеу мәселесі пысықталуда.
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин өзін де, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын да жылу және электр энергиясымен қамтамасыз ететін өнеркәсіп кәсіпорындарын тексеру жұмыстары туралы баяндама жасады. Өңірлердегі жұмыс жоспарлары туралы Павлодар облысының әкімдері Асайын Байханов, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов және Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев айтып берді.
Премьер-Министр өткен қыс мезгілі жылу энергетикасындағы көптеген проблеманың бетін ашып бергенін айтты. Атап айтқанда, Екібастұз, Рудный және Риддер қалаларында жағдай өте күрделі болды. Ондағы мәселелерді күні-түні бақылауға алып, шұғыл түрде шешуге тура келді.
«Барлық әкімдіктер бұдан қорытынды шығарып, мұндай жағдайға енді қайтып жол бермеу үшін сапалы жұмыс істеуі керек», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, өткен жылыту маусымында апаттардың саны айтарлықтай өсті – тіпті ірі қалалардың өзінде жылу энергиясының жетпей қалуынан орташа температураны төмендетіп беруге тура келді. Негізгі жабдықтардың тозуына байланысты басқа да инфрақұрылымдық ақаулар орын алды.
«Мұның барлығы тұрғындардың орынды наразылығына алып келді. Кейбір өңірлерде көмірді уақытылы жеткізіп беру проблемаға айналды. Бұл жыл сайынғы жүйелі жұмыс. Онда ешқандай іркілістер мен кемшіліктер болмауы тиіс еді», — деді Премьер-Министр.
Жалпы, Әлихан Смайыловтың айтуынша, бұған дейін жабдықтардың техникалық жай-күйіне уақытылы, кешенді және объективті бағалау жүргізілген жоқ. Одан бөлек жылу электр орталықтарының басшылығы мен иелерінің жауапкершілігі төмен.
«Уәкілетті мемлекеттік органдардың нұсқаулықтары тек қана ұсыныс деңгейінде болды, меншік иелерін оларды толықтай орындауға міндеттемейді. Сондықтан қордаланып қалған мұндай проблемалар өте көп. Олардың басым бөлігі жылу желілерінің тозуына қатысты», — деді Үкімет басшысы.
Осыған байланысты биыл Үкімет энергиялық бақылау қызметін заңнамалық тұрғыдан күшейтіп, оларға жоспардан тыс тексерулер жүргізу құқығын береді. Энергия объектілерін тиісті деңгейде күтіп ұстамай, тіршілікке қажетті жүйелердің қызметіне қауіп төнген жағдайда мемлекетке оларды меншіктен алып қою құқығы берілетін болады.
«Үкімет пен әкімдіктер және меншік иелері тиісті энергетикалық инфрақұрылымды жөндеу және реконструкциялау жобаларын қаржыландыруды басым тәртіппен қамтамасыз етеді. Өңірлерден келіп түскен өтінімдер негізінде желілерді ауыстыру бойынша құны 69 млрд теңгені құрайтын 47 жобадан тұратын пул жасақталды. Бұл жұмысты сапалы және уақытылы жүргізудің маңызы өте зор», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Премьер-Министр 2 мың шақырым жылу желілері жеке меншікте екенін айттты. Олардың тозу деңгейі шамамен 77%-ды құрап отыр. Осыған байланысты осы желілердің жағдайына және жөндеу жұмыстарының міндетті түрде жүргізілуіне бақылауды күшейту керек.
«Энергия объектілері иелерінің жауапкершілігін арттырып, оны оны қызмет көрсету келісім-шарттарында қарастыру керек. Шарт талаптарын орындау ұсыным түрінде емес, міндетті болуға тиіс», — деді Премьер-Министр.
Сонымен қатар Үкімет басшысы жеке меншіктегі жылу желілерін бюджеттік кредиттеу арқылы реконструкциялау мәселесін пысықтау керектігін айтты. Қаржыны қайтару «Тарифті инвестицияға айырбастау» шеңберінде жүргізілетін болады.
Өз сөзін қорытындылай келе, Үкімет басшысы өңір әкімдіктері Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерімен бірлесіп, барлық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй және әлеуметтік сала объектісінің алдағы 2023-2024 жылыту маусымына дайындығы бойынша іс-шаралар жоспарын бекітіп, оны тез арада іске асыруға кірісуі қажеттігін айтты.
Оған қоса Әлихан Смайылов 1 маусымға дейін қолданыстағы жылу желілерінің жағдайына техникалық тексеру жұмыстарын аяқтау және осы жұмыстардың қорытындысы бойынша апатты жағдайдағы жеке меншіктегі жылу желілерін коммуналдық меншікке берудің қажеттілігін анықтау керектігін айтты.
«Туындаған барлық мәселені жылыту маусымына дейін созбай, жедел шешу қажет. Ұсақ-түйек демей, қауіп-қатерлердің барлығын мұқият есептеу керек», — деп түйіндеді Премьер-Министр.