Семейде әлеуметтік мекемеге автобус табысталды
Облыс әкімі Берік Уәли қаланы аралау барысында Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жұмысымен танысты.
Мұнда 385 қызмет алушыға арнаулы әлеуметтік көмектің 8 түрі көрсетіледі. Оның ішінде үй жағдайында 345 адамға, ал жартылай стационарлық жағдайда психоневрологиялық патологиясы бар 40 балаға күндізгі бөлімшеде қызмет көрсетіліп келеді. Қосымша 19 бала кезекте тұр.
Мекемеде 129 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 64 әлеуметтік қызметкер, 20 педагогикалық маман, 6 медицина қызметкері бар. Орталықта әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық және құқықтық қолдау көрсетіледі.
Аймақ басшысы ғимаратты аралап, қызметкерлермен пікірлесті. Орталық директоры Рымжан Тынысова ғимаратты жалға алып отырғандарын жеткізіп, аталған мәселені шешуге көмек көрсетуді сұрады. Облыс әкімі мекемеге балаларды тасымалдауға арналған 21 орындық жаңа автобустың кілтін табыстады.