Абай гарнизонында ашық есік күні өтті
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 54770 әскери бөлімі Семей қаласының оқушыларына арнап ашық есік күнін ұйымдастырды. Инженерлік-саперлік полкінде өткен шара мақсаты - жасөспірімдерді патриоттық тәрбиеге баулу, елдің тыныштығын сақтау олардың азаматтық борышы екендігін түсіндіру.
Шарада оқушылар үшін әскери бөлімнің саптың алаңында заманауи үлгідегі қару-жарақ пен әскери киім үлгілерінен тұратын көрме ұсынды. Көрмеге қатысушылар атыс қаруларына таңданыспен қарап, тіпті әр түрлі киім үлгілерін киіп көру мүмкіндігіне де ие болды. №37 гимназиясының оқушысы Аружанды қызықтырған броньді кеудеше. Ол аталмыш арнайы қорғаныс костюмін киіп, өзін бір сәтке минасыздандыру саласының маманы ретінде сезініп көрді. Мектеп оқушысы күні ертең ел шекарасын күзеткісі келетіндігін де жасырмай баян етті. Білім алушылар ашық есік күні аясында казармадағы үй-жайларды аралап, әскери асхананы тамашалады. Ауқаттану нысанында олар сарбаздарға арналған ас мәзірімен танысты.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі