Семейде үш стационарлық полиция бекеті ашылды
Облыс әкімі Берік Уәли қаланы аралау барысында Мәңгілік ел көшесінде ашылған стационарлық полиция бекетінің жұмысымен танысты.
Аумағы 22 шаршы метрді құрайтын жаңа нысан заманауи талаптарға сәйкес жабдықталған. Бекет қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтылған. Ішінде жылу, кәріз жүйесі, автономды сумен жабдықтау қарастырылған. Қызметкерлердің жайлы жұмыс істеуі үшін кондиционер орнатылған.
Сонымен қатар бейнебақылау жүйесі де іске қосылған. Бекеттің сырты 4 IP-камера, ішінде 2 IP-камера және бейнетіркеу құрылғысы орнатылған.
Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ернар Базаровтың айтуынша, осындай полиция бекеті қалада үш жерде ашылды.
Аймақ басшысы стационарлық полиция бекеттерінің қоғамдық тәртіпті күшейтуде маңызы зор екенін атап өтті.
Жалпы, қазіргі уақытта облыс орталығында осындай 5 стационарлық бекет бар. Семей қалалық әкімдігінің қолдауымен облыстық полиция департаментіне 2 квадроцикл, 1 электросамокот сатып алынды.