Gosagro.kz: Әкімдік қаулыларының болмауына байланысты фермерлер тыңайтқыштарға субсидия ала алмайды
Ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлерден келіп түскен өтініштерге байланысты келесіні түсіндіреді: ережеге сәйкес, gosagro.kz порталында минералды тыңайтқыштарды субсидиялауға өтінімдер қабылдау 1 ақпаннан 1 желтоқсанға дейін, ал пестицидтерді субсидиялау 1 сәуірден 1 желтоқсанға дейін жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, өтінімді беру үшін жыл сайын жергілікті атқарушы органдардың қаулыларымен бекітілетін субсидиялардың тізбелері мен нормаларын бекіту қажет.
Бүгінгі таңда тыңайтқыштарды субсидиялау бағдарламасы бойынша өтінімдер тек Ақмола, Жамбыл, Жетісу, Павлодар және Түркістан облыстарында қабылданады және төлемдер жүзеге асырылады. Алдағы күндері Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Қызылорда облыстарында өтінімдерді қабылдау басталады. Қалған өңірлерде әкімдіктер әлі қаулыларды қабылдаған жоқ.
Пестицидтерді субсидиялау бағдарламасын ашуға келетін болсақ, бүгінде Қостанай облысының әкімдігі ғана тиісті қаулы қабылдады, 18 сәуірден бастап осы өңірде өтінімдерді қабылдау басталады. Бұл ретте, министрлік нормаларды осы жылдың ақпан айында келіскен болатын.
Осылайша, субсидиялау бағдарламаларын іске қосудың жалғыз тежеуші факторы - жергілікті атқарушы органдардың бекітілген қаулыларының болмауы болып отыр.