Cемей22°С
Ауа-райы
  • Абай18°С
  • Аягөз19°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау20°С
  • Курчатов18°С
  • Көкпекті17°С
  • Үржар21°С
540.05 629.16 6.65

Мемлекет басшысы мұнай-газ саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады

Бүгін, 13:31 Думан Кенжеғазыұлы

Ақордада өткен салтанатты жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ кешені ел экономикасының аса маңызды саласы екенін атап өтті.

– Сіздер осы салада адал еңбек етіп, мемлекетіміздің дамуына мол үлес қосып келесіздер. Бұл нағыз еңбек адамдарына тән қасиет деп санаймын. Жалпы, еліміздегі мұнай-газ өнеркәсібінің өзіндік дәстүрі, бай тарихы бар. Осы саланың қалыптасып, өркендеуіне бірнеше буын өкілдері зор еңбек сіңірді. Сіздерді аға буынның лайықты ізбасары деуге болады. Қазір мұнай-газ саласында екі жүз мыңнан астам адам жұмыс істейді. Сіздердің табанды еңбектеріңіздің арқасында Қазақстанымыз өркендеп, көркеюде. Мен мұны жоғары бағалаймын. Бәріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент былтыр қазақ мұнайының 125 жылдығы аталып өткенін еске салып, биыл да осы сала үшін айтулы жыл екеніне тоқталды.

– Атырау мұнай өңдеу зауытының ашылғанына 80 жыл толды. Шымкент мұнай өңдеу зауытына 40 жыл, ал «QazaqGaz» ұлттық компаниясына 25 жыл толып отыр. Бұл мерекелік күндер еліміздің мұнай-газ саласының мән-маңызын көрсетеді. Мұнай мен газ – стратегиялық маңызы бар ресурс, бұл – жұртшылыққа белгілі дерек. Себебі бұл сала еліміздің өсіп-өркендеуіне айрықша ықпал етті. Тәуелсіздік жылдары қара алтынның игілігін молынан көрдік. Қазіргі таңда бұл сала қарқынды дамып келеді. Қазақстан әлемдік мұнай нарығындағы жетекші мемлекеттің бірі саналады. Егемендік кезеңінде еліміздегі мұнай өндірісі төрт есе өсті. Жақын арада мұнай өндіру көлемін жылына 100 миллион тоннаға жеткіземіз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан шикізат өндірумен қатар, оны терең өңдеуге баса мән беретінін айтты.

– Бұл бағытта нақты жұмыс істеліп жатыр. Атырау, Павлодар, Шымкент қалаларында орналасқан үш ірі мұнай өңдеу зауыты жаңғыртылды. Соның арқасында біз ішкі нарықты сапалы жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етіп отырмыз. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде 13 миллионға жуық адам табиғи газға қол жеткізді. Қазір бұл бағытта бұрын-соңды болмаған ауқымды жобалар іске асырылуда. Қашағанда жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатыр. «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісі салынуда. Сондай-ақ біз қосымша құны жоғары өнімдер шығаруды қолға алдық. Мұнай-газ химиясы саласында бірқатар ірі жобаны іске қосамыз. Мұның бәрі 20 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Соның ішінде полиэтилен зауытын ерекше атап өткім келеді. Бұл – шетел инвесторларымен бірге іске асырылып жатқан маңызды жоба. Инвестиция көлемі 7 миллиард доллардан асады. «Қаламқас-теңіз» және «Хазар» секілді ірі теңіз кен орындарын игеру басталды. Алты миллиард доллардан астам инвестиция салынады. Теңіз платформаларының құрылысын отандық кеме құрастырушы кәсіпорындар жүргізеді. Бұл Қазақстанның мұнай-газ саласындағы үлкен оқиға болмақ. Аталған жобалардың бәрі энергетикалық әлеуетімізді нығайтып қана қоймай, ел экономикасының қарыштап дамуына ықпал етеді. Мұның игілігін барша халық көреді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары мемлекет экономиканың түрлі саласына шетел инвестициясын жүйелі түрде тарту жұмысына ерекше назар аударып отырғанын жеткізді.

– Осы ретте жақында өткен Қытайға сапарымды атап өткім келеді. Бұл сапар шын мәнінде өте жемісті болды. Екі елдің арасындағы стратегиялық серіктестікке мықты әрі тың серпін берді. Екіжақты келіссөздердің күн тәртібі ауқымды және ең бастысы Қазақстанның ұлттық мүдделеріне, ең алдымен, экономика саласындағы мүдделеріне тікелей байланысты болды. Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен әңгімелесу кезінде мәңгілік достық пен стратегиялық серіктестік рухындағы жан-жақты ынтымақтастыққа ерекше мән берілді. Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің кезекті отырысының қорытындысы бойынша жалпы сомасы 15 миллиард доллар болатын жетпістен астам коммерциялық құжатқа қол қойылды. Қытайлық серіктестермен бірге мұнай-газ саласында көптеген жоба жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ стратегиялық сипаттағы жаңа жобалар жоспарланған. Оның ішінде Ақтөбе облысында карбамид шығаратын газ-химия кешенінің құрылысы жөнінде СNPC компаниясымен жасалған келісімді ерекше атап өткім келеді. Жоба құны 1 миллиард доллардан асады. Атырау облысында этан және пропан тасымалдауға арналған магистральді құбыр құрылысын қаржыландыру бойынша Қытай даму банкімен жасалған уағдаластықтың да маңызы зор. Келісімнің жалпы сомасы – 530 миллион долларға жуық. Біз барлық халықаралық инвесторлармен ықпалдастықты тереңдетуге әрдайым баса мән береміз. Мұнай-газ саласында америкалық, ресейлік, еуропалық және қытайлық корпорациялармен көп жылдар бойы жалғасып келе жатқан серіктестік – соның айқын дәлелі, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, әлемдегі мұнай-газ саласы көптеген мемлекет пен белгілі сарапшылардың жіті бақылауында. Саланың келешегі оның жаһан экономикасының даму перспективасына ықпал етуі тұрғысынан талқыланып жатыр.

– Менің пайымдауымша, көмірсутегі дүние жүзінің энергетика нарығында, сәйкесінше, Қазақстанның энергетика саласында бұрынғыдай басты рөлге ие бола береді. Бірқатар елдің, соның ішінде еуропалық мемлекеттердің тәжірибесі көрсеткендей, балама қуат көзі қажеттілікті толық өтей алмайды. Бұдан бөлек, өнеркәсіпте, соның ішінде электр стансаларының құрылысында көмірді залалсыздандыратын озық технологияны пайдалануға баса мән беру қажет. Қазақстанның энергия балансында көмірдің үлесі 70 пайызға жуық екені мәлім. Еліміз көмір өндіруден он ірі елдің қатарына кіреді. Бұл артықшылықтан бас тартпаған жөн. Керісінше, оны тиімді пайдалану керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент отандық мұнай-газ кешенінің алдында технологиялық жаңғыру, атап айтқанда, жасанды интеллектіні енгізу міндеті тұрғанын жеткізді. Бұл өте өзекті.

– Заманауи технологиялар мұнай және мұнай өнімдерін өндіру, тасымалдау және қайта өңдеу ісін оңтайландыруға ықпал ету қажет. Отандық мұнай-газ өнеркәсібі заманауи үрдістерге сай болуы керек. Сондықтан осы салаға таза және озық технологияларды енгізу өте маңызды. Геологиялық барлау жұмыстарын күшейтіп, жаңа кен орындарын ашуға баса мән беру керек. Бұған қоса осы салаға білімді, жас кадрларды тартып, адам әлеуетін барынша арттыру қажет. Себебі жаһандық бәсекеге қабілетті болу үшін бізге, ең алдымен, білікті мамандар керек. Білім бағдарламасын жетілдіріп, зерттеу орталықтарын дамытқан жөн. Осы міндеттерді сапалы орындасақ, Әділетті, Қуатты, Таза және Озық Қазақстанның қалыптасуына жол ашамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қоғамдағы еңбек адамының орны туралы пікір білдірді

– Еңбекқорлық – ең асыл қасиеттің бірі. Мен әр сөзімде осы мәселеге ерекше мән беремін. Маңдай термен келген адал еңбектің қадірін білетін жұрт озық ойлы ұлт болады. Халқымызда «Еңбегіне қарай – құрметі» деген жақсы сөз бар. Еңбек адамы – ел адамы. Еңбек адамы, ең алдымен, туған елінің жарқын келешегі үшін аянбай жұмыс істейтін адам. Сондықтан қазір біз елімізде жұмысшы мамандарын кеңінен дәріптеп, оларға ерекше құрмет көрсетіп жатырмыз. Мен жыл басынан бері еліміздің әр саласында жұмыс істеп жүрген азаматтарды арнайы шақырып, марапаттап жатырмын. Мұны халқымыздың Сіздерге көрсеткен ыстық ықыласы, шынайы құрметі мен алғысы деп түсінген жөн, – деді Президент.

Салтанатты іс-шарада Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің мұнай-газ саласын дамытуға елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив