Cемей20°С
Ауа-райы
  • Абай18°С
  • Аягөз19°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау20°С
  • Курчатов18°С
  • Көкпекті17°С
  • Үржар21°С
540.05 629.16 6.65

Облыс әкімі Көкпекті ауданының тұрғындарымен кездесті

Бүгін, 15:50 Думан Кенжеғазыұлы

Облыс әкімі Берік Уәли Көкпекті ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы жоспарлар туралы тұрғындарға есеп берді.

Жиында алдымен аудан әкімі Әділет Қожанбаев 2024-2025 жылдардағы негізгі көрсеткіштерге тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

Аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, шешімін күткен мәселелер және алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасады.

Ауыл шаруашылығы, инвестиция тарту, жылу және ауыз су жүйелері, жол, тұрғын үй, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салаларындағы негізгі жобаларға тоқталды.

Биыл Көкпекті ауданында 100 мың гектардан астам егістік алқап игеріліп, «Кең дала – 2» бағдарламасы арқылы аудан шаруаларына 1,5 млрд теңге жеңілдетілген несие берілді. Ағымдағы жылы облыс көлемінде 355 техника сатып алынса, соның 37-сі Көкпекті ауданына тиесілі.

Облыста 2028 жылға дейін ауыл шаруашылығы саласында 79 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Соның ішінде Көкпекті ауданында жалпы құны 15 млрд теңгені құрайтын 9 жоба жоспарланып отыр.

Облыста инвестиция тарту жұмысы қарқын алуда. Жарты жыл ішінде шетелдік 85 инвестормен келіссөз жүргізіліп, жалпы инвестиция көлемі 2,2 трлн теңгеден 3,2 трлн теңгеге өсті. Көкпекті ауданында 17,6 млрд теңгенің 8 инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда.

Жылу маусымына дайындық, ауыз сумен қамту және жолдарды жөндеу жұмыстары да күнтәртібінде тұр. Көкпекті ауданында биыл бірнеше ауылға су құбырын тарту жобалары қолға алынып, Көкпекті, Шұғылбай және Көкжайық ауылдарының көшелері жарықтандырылмақ.

Биыл облыста 358 шақырым жол жөнделуде. Ал Көкпекті ауданында Көкпекті ауылындағы бірнеше көшелер мен Тассай көпірі жөнделуде. Сонымен қатар, «Үлкенбөкен – Көкжайық – Үлгілімалшы» автожолының учаскелерінде жөндеу жүргізілуде.

Халықты баспанамен қамту мақсатында биыл Көкпекті ауданында 58 пәтер пайдалануға берілмек. Мемлекеттік бағдарлама аясында облыста үш жылда 75 мектепті жаңғырту көзделген. Көкпекті ауданында биыл 11 мектеп жөнделіп, үш мектепке жаңа пән кабинеттері алынды.

Аудандық ауруханаға күрделі жөндеу жүргізілді. Ғимараттың қасбеті жаңартылып, жедел жәрдем бөлімі қайта салынды.

Жиын соңында облыс әкімі тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Ветеринарлық мамандардың материалдық-техникалық базасын жаңғырту, аудан орталығындағы Жақия Шәйжүнісов мектебіне автобус алу секілді мәселелерді көтерді.

«Көкпекті ауданына осымен төртінші мәрте келіп отырмын. Мәселелермен жақсы таныспын. Әр келген сайын осындағы мәселелерді зерделеп, шешімі кезек күттірмейтін проблемалар бойынша тапсырма беріп, қаражат бөлгізіп, біраз жұмыстар атқарылды. Көкпекті – тоғыз жолдың торабындағы аудан. Әрине, ауданда атқарылатын жұмыс көп. Шешімін күткен мәселелер рет-ретімен, кезең-кезеңімен шешіледі», – деді аймақ басшысы.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив