Cемей21°С
Ауа-райы
  • Абай18°С
  • Аягөз19°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау20°С
  • Курчатов18°С
  • Көкпекті17°С
  • Үржар21°С
536.76 630.85 6.45

Абай облысында инвестициялық жобалар саны үш есеге артты

Бүгін, 13:31 Думан Кенжеғазыұлы

Абай облысы әкімдігінде Президент Жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асыру бойынша өткен жиында кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков өңірде жүзеге асырылып жатқан және алдағы жылдарға жоспарланған инвестициялық жобалар туралы баяндады.

Жыл басынан бері облыстағы инвестициялық жобалардың саны 29-дан 86-ға дейін көбейген. Соның нәтижесінде 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Құны 423,1 млрд теңгені құрайтын өңірлік инвестициялық пул жасақталды. Сонымен қатар жалпыұлттық деңгейде 3,2 трлн теңгені қамтитын 41 жобалық пул жаңартылды.

Алдағы жылдары өңірде мыс балқыту зауыты, тау-кен байыту комбинаты, Аягөз–Бақты теміржолы, катодты мыс өндіретін кешен және ет өңдеу кәсіпорындары сияқты ауқымды жобалар іске асырылмақ. 2025 жылдың өзінде ғана құны 27,1 млрд теңгені құрайтын 10 жоба пайдалануға беріліп, 667 жаңа жұмыс орны ашылады.

Облыс әкімінің тапсырмасымен аймақта жаңа инвестициялық бағдарлама бекітіліп, азық-түлік өнеркәсібі, туризм және көлік-логистика салаларын қамтитын жобалар айқындалды. Сондай-ақ «Өндіріс» индустриялық аймағының аумағын кеңейту жұмыстары басталып, арнайы экономикалық аймақ құру жоспарда бар.

«Абай облысында инвесторлармен атқарылып жатқан жұмыстардың қарқыны жаман емес. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыра беруіміз керек. Алайда инвесторлармен жұмыс дегеніміз – олармен жай ғана кездесіп, танысу емес. Бізге келетін инвестор көп, бірақ олардың қайсысымен нақты нәтижелі жұмыс жүргізіп жатырмыз? Бірінші кезекте осыны қадағалауымыз қажет»,- деді облыс әкімі.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив