Облыс әкімі: Алакөлдегі келесі шомылу маусымына дайындықты қазірден бастауымыз керек
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өңірде туризм саласын дамыту бойынша жиналыс өтті. Отырыста 2025-2027 жылдарға арналған жол картасын әзірлеу, Алакөл жағалауының бас жоспарын дайындау, инфрақұрылымды жаңғырту және туризм саласында цифрлық технологияларды қолдану мәселелері қаралды.
Аталған мәселелер бойынша туризм, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, құрылыс, цифрлық технологиялар басқармасының басшылары баяндады.
Биыл Алакөлдің инфрақұрылымын жаңғырту бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылды. 2018 жылдан бері жөндеу жүргізілмеген жағалауды абаттандыру үшін облыстық бюджеттен 658 млн теңге бөлініп, Арбат алаңы жөнделді. Сонымен қатар 25 киім ауыстыратын орын, 50 контейнер, 2 биодәретхана, 3 заманауи дәретхана орнатылып, 7 пирстің 3-еуі пайдалануға берілді. Жаңа қоғамдық кеңістіктің құрылысы аяқталды.
Жиында жағалауды нығайту, электр желісін тарту, қоқыс полигонын салу, құтқарушылар мен полиция қызметін күшейту, қосымша санитарлық тораптар орнату, автотұрақтар ашу қажеттігі айтылды.
Аймақ басшысы жиын қорытындысында салаға жауапты орынбасарлары, тиісті басқарма басшыларына бірқатар нақты тапсырма берді. Алакөл жағалауында жұмыс тобын құрып, 2026 жылғы маусымға дайындық алгоритмін әзірлеуді, Алакөлді күтіп-ұстауға қажетті қаражатты алдын ала бөлуді, жағалауда туристік индустриялық аймақ құру және озық елдердің тәжірибесін қарастырып Алакөл жағалауында құтқару кемелерінің және қызметкерлер санын көбейту туралы ұсыныс енгізуді жүктеді.