Семейде отбасыларға қолдау көрсетіліп жатыр

Семей қаласында 2025 жылғы мамыр айында ашылған Отбасын қолдау орталығы қысқа уақыт ішінде қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылар мен азаматтарға жан-жақты көмек көрсететін маңызды әлеуметтік мекемеге айналды. 3,5 ай ішінде орталыққа 160-тан астам өтініш түсіп, олардың басым бөлігіне әлеуметтік, құқықтық және психологиялық қолдау көрсетілді. Әсіресе көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, әйелдер мен балаларға ерекше көңіл бөлініп, қажетті жағдайда уақытша баспана беріліп, жеке оңалту жоспарлары әзірленді.
Орталық Папанин көшесі, 34А мекенжайында орналасып, заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған. Мұнда қабылдау аймағы, ана мен бала бөлмесі, балаларға арналған ойын алаңы, тренинг залдары және мамандар қабылдайтын кабинеттер жұмыс істейді. Орталықтың қызметі білім, денсаулық сақтау және жұмыспен қамту бөлімдерімен, полициямен, үкіметтік емес ұйымдармен және әйелдер бірлестіктерімен әріптестік негізінде жүзеге асырылуда.
Орталыққа жүгінген азаматтардың арасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балалар да бар. Оларға уақытша баспана ұсынылып, құқықтық және психологиялық қолдау көрсетілді. Сонымен қатар құжаттарды рәсімдеуде, жұмысқа орналасуда, балаларды мектеп пен балабақшаға орналастыруда, тұрғын үй мәселесін шешуде нақты көмек берілді.
Орталық директоры Назым Шақаеваның айтуынша, мұндағы басты мақсат – қиындыққа тап болған әрбір отбасына жан-жақты көмек көрсетіп, қоғамда тұрақтылық пен қолдау сезімін қалыптастыру. Алдағы уақытта мобильді топтардың жұмысын күшейтіп, әлеуметтік осал топтарға арналған түрлі шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр.