Абай облысында педагогтер қауымы Президент жолдауын талқылады
Абай облысының білім басқармасы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы Жолдауына байланысты кеңес өткізді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов төрағалық етті. Басқосуға аудандық және қалалық білім бөлімдерінің басшылары, мектеп және колледж директорлары, педагогтер қатысты.
Кеңесте Мемлекет басшысы айқындаған басым бағыттар қаралды. Атап айтқанда, жасанды интеллектті оқу үдерісіне енгізу, мұғалімдердің цифрлық құзыретін арттыру, шағын жинақты мектептердің әлеуетін күшейту, инклюзивті білімді дамыту және ауыл мектептеріне тең мүмкіндік беру мәселелері көтерілді.
Облыс әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов Жолдаудың ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын тарихи құжат екенін айтты. Ол жасанды интеллект, Big Data, блокчейн және автоматтандырудың жаһандық бәсекелестіктің негізгі шарттарына айналғанын алға тартты. Сонымен қатар «AI-Sana» бағдарламасы арқылы студенттердің технологиялық жобаларға қатысуы, «Digital Mektebi» бастамасы аясында ауыл мектептерінің мүмкіндіктерін кеңейту, мұғалімдердің цифрлық құзыретін арттыру өңір үшін де маңызды бағыт екенін атап өтті.
Білім басқармасының басшысы Бауыржан Ердембеков өңірдегі меценаттық пен қоғамдық-жекеменшік серіктестікті қолдау шараларына тоқталды.
Президент атап өткендей, меценаттық пен қоғамдық-жекеменшік серіктестікті дамыту – білім сапасын арттырудың маңызды тетігі. Бұл – тек бюджет қаржысын толықтыру емес, ең бастысы - мектептердің нақты қажеттіліктерін жылдам шешудің тиімді жолы. Абай облысында осы бағытта алғашқы нәтижелер бар Мысалы, «Алматыкітап» баспасы №35 мектепке 60 мың кітап қоры бар заманауи кітапхана сыйлады. Сондай-ақ ауыл мектептеріне 40 жылжымалы кітапхана жеткізу жоспарланып отыр. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен былтыр 7 мектеп жарақтандырылса, биыл тағы 4 білім ошағы қосылмақ. Сонымен бірге 2026 жылға дейін 6500-ден астам мұғалім цифрлық оқыту курстарынан өтеді. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған жаңа кабинеттер мен қолдау орталықтарын ашу да күн тәртібінде тұр,-деді Басқарма басшысы.
Жиында педагогтер де өз ойларын ортаға салды. Шәкәрім атындағы көпбейінді №5 гимназияның ардагер ұстазы Алма Аубакирова, Семей қаласы №17 мектеп директоры Райгүл Жұмақанова және IT және жаңа технологиялар жоғары колледжінің оқытушысы Айдын Қасымжанов жасанды интеллектті білім беру жүйесіне енгізу, инклюзивті білімді дамыту және «AI-Sana» бағдарламасының маңызы жөнінде пікір білдірді.
Кеңес соңында ұлы ақын Абай Құнанбаевтың туғанына 180 жыл толуына орай ұйымдастырылған мерейтойға қосқан үлесі үшін бірқатар білім беру саласының қызметкерлеріне Абай облысы әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді.