Cемей20°С
Ауа-райы
  • Абай18°С
  • Аягөз19°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау20°С
  • Курчатов18°С
  • Көкпекті17°С
  • Үржар21°С
541.01 640.34 6.52

Еңбек министрлігі АӘК-ті проактивті тағайындауда ЖИ-ні қолданады

Бүгін, 12:46 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмекті (бұдан әрі – АӘК) проактивті түрде тағайындау кезінде жасанды интеллект (бұдан әрі – ЖИ) технологияларын қолдануды жоспарлап отыр.

Мемлекет басшысы 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында Қазақстанды үш жыл ішінде толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыруды стратегиялық міндет ретінде айқындады.

Еңбек министрлігі әлеуметтік-еңбек саласындағы қызметтерді цифрландыру бойынша, оның ішінде ЖИ енгізу бағытында да жүйелі жұмыс жүргізуде.

«Бүгінгі таңда біз жасанды интеллектіні Random Forest Classifier моделінің көмегімен «оқытып» жатырмыз. Бұл – тағайындау кезінде шешім қабылдауға әсер ететін көптеген факторларды біріктіру арқылы неғұрлым дәл және тұрақты нәтижелер алуға мүмкіндік беретін ең тиімді машиналық оқыту алгоритмдерінің бірі. Осылайша, АӘК алуға құқығы бар адамдар автоматты түрде анықталатын болады.

Қазіргі уақытта модель кешенді валидациядан өтті, дәлдік деңгейі 90%-дан асты, бұл оның енгізуге дайын екенін көрсетеді», – деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин.

Алдағы уақытта бұл технология АӘК-ке жаңа өтінімдерді қарау үшін пилоттық режимде іске қосылады. Пилоттық кезең барысында ЖИ моделінің шешімдеріне қатысты статистика жиналады.

Айта кету керек, жобаның алғашқы кезеңінде ЖИ қабылдаған шешімдер жергілікті атқарушы органдар үшін ұсынымдық сипатта болады. Кейіннен оларды шешім қабылдаудың бір өлшемшарттарының бірі ретінде пайдалану мүмкіндігі қарастырылады.

Жобаның екінші кезеңі «компьютерлік көру» технологиясын қолдану арқылы модельдің мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді. Бұл кезеңде өтінімдер шеңберінде ұсынылатын фото және бейнематериалдар сияқты визуалды деректерді талдау қарастырылған. Бұл тек мәтіндік ақпаратты ғана емес, сонымен қатар отбасының әл-ауқат деңгейі мен тұрмыс жағдайларын неғұрлым объективті бағалауға мүмкіндік беретін визуалды белгілерді де ескеруге жол ашады. Жаңа деректер модельді қосымша оқыту үшін пайдаланылады, бұл өз кезегінде шешімдердің дәлдігін арттыруға бағытталған.

Жобаның үшінші кезеңі жан-жақты талдау негізінде отбасыларды қиын өмірлік жағдайдан шығаруға бағытталған егжей-тегжейлі жоспарды ұсынуды көздейді. Бұл жоспар өңірлік, аудандық және нақты отбасы деңгейінде әзірленетін болады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив