Абай облысының жас мұғалімі ауыл мектебінде халықаралық тәжірибені қолданады

Абай облысы Көкпекті ауданының математика пәні мұғалімі, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Нұрлан Құмаров туған ауылындағы Ж. Шайжүнісов атындағы орта мектепте қызмет атқарады.
Қазіргі таңда жас маман 5, 8 және 10-сыныптарға математикадан сабақ береді. Ол саралап оқыту әдісін, зерттеу тәсілі мен жасанды интеллектке негізделген бейімделген оқыту платформаларын (DreamBox, Khan Academy, GeoGebra, Mathspace, ASSISTments, Zearn т.б.) тиімді қолданып, оқушылардың білім сапасын арттыруға, пәнге қызығушылығын күшейтуге басымдық беріп жүр.
«Ауыл мектебінде де әлемдік білім тәжірибелерін қолдануға болады. Менің мақсатым – әр оқушының әлеуетін ашу, білімін тереңдету және заманауи әдістер арқылы олардың болашағына сенімді қадам жасауына жағдай жасау», – дейді жас педагог.
Нұрлан Құмаров «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында Мәскеудегі Ұлттық зерттеу университеті «Жоғары экономика мектебі» Білім институтында магистратураны тәмамдап, эмоционалдық бұзылыстары бар оқушыларға қолайлы орта қалыптастыруға арналған ғылыми жұмыс қорғаған. Бағдарлама барысында Мәскеу қаласындағы мектепте орыс тілінде математикадан сабақ беріп, екі жыл тәжірибе жинады. Сонымен қатар ол дарынды балаларды олимпиадаларға дайындап қана қоймай, өз білімін үздіксіз жетілдіруді алдағы басты мақсаттарының бірі ретінде белгілеп отыр.
Анықтама үшін: Бейімделген оқыту (Adaptive learning) – оқушының жеке қабілеті мен қарқынына қарай оқу материалын іріктейтін заманауи әдіс. Бұл тәсіл дәстүрлі сабақ пен онлайн платформаларды үйлестіре отырып, білімді тиімді меңгеруге мүмкіндік береді.