Маңғыстау облысында «Айбалта – 2025» оқу-жаттығуының екінші кезеңі өтіп жатыр

Маңғыстау облысында «Айбалта-2025» жедел-стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуының екінші кезеңі жалғасуда. Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бөлімшелері топтасып, операция өтетін бағыттарда топтар құру үшін белгіленген аудандарға марш жасауда.
Әскерлерді басқаруды ұйымдастыруда жорық қимылдарын пысықтауға ерекше назар аударылады. Әскери бөлімдер ұзақ қашықтыққа – 3000 шақырымға дейін немесе одан да көп жол жүреді, белгіленген аудандарда орналасып, онда тактикалық іс-қимылдарға дайындалады.
Екінші кезеңнің басты мақсаты – құрамалар мен бөлімдердің ұрысқа барынша жақын жағдайда іс-қимыл жасау қабілетін тексеру.
«Айбалта – 2025» оқу-жаттығуы әскери қызметшілерді даярлаудың жоғары деңгейін, олардың ұтқырлығын және алыс шептерде елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету жөніндегі күрделі міндеттерді орындауға әзірлігін көрсетеді.