Жұмыспен қамтудың кешенді жоспарының орындалу барысы қаралды
Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында жұмыспен қамтудың кешенді жоспарының орындалу барысы, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, облыстық бюджеттің орындалуы және 9 айдың болжамы қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері, ал аудан және қала әкімдері бейнережимде қатысты.
Өңірлік жұмыспен қамту картасын іске асыру барысы туралы облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айман Нұрлыбек баяндады.
Биылғы 15 қыркүйектегі жағдай бойынша облыста 18 904 жұмыс орны құрылған. Оның 10 713-і – тұрақты, 8 191-і – уақытша жұмыс орындары. Инфрақұрылымдық жобалар аясында 1 277 жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, еңбек шарттарының 91,9 пайызы электронды түрде рәсімделген. Ауылдық аумақтарды дамыту, «Жайлы мектеп», облыстың даму жоспары және басқа да бағдарламалар бойынша бірқатар жұмыс орындары құрылды.
Мемлекет басшысының әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру тапсырмасын іске асыру шеңберінде жаңадан құрылған кәсіпорындарда 6 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Субсидияланатын жұмыс орындарына 7 198 адам орналастырылып, жоспар 108,5% орындалды. Субсидияланатын жұмыс орындарына жұмсалған қаражаттың нысаналы пайдалануын бақылау мақсатында облыста жұмыс топтары құрылды.
Жалпы облыста жұмыспен қамту шаралары жалғасуда. Жиында Семей қаласы, Аягөз, Ақсуат, Көкпекті, Жарма аудандарында жұмыс орындарын құру жоспарының тиісті деңгейде орындалмай жатқаны атап өтілді.
Аймақ басшысы қала-аудан әкімдеріне бұл бағыттағы жұмысты жандандырып, жоспарланған жобалардың уақтылы іске асырылуын, жұмыс орындарының ашылуын, жұмыспен қамтылған азаматтардың зейнетақы жарналарын төлеу мен еңбек келісімшарттарының рәсімделуін қатаң бақылауды тапсырды.
Кеңесте облыстың әлеуметтік экономикалық дамуының қорытындылары және бюджет қаражатын игеру мәселелері туралы Экономика және бюджеттік жоспарлау, Қаржы басқармаларының басшылары баяндады.
2025 жылдың 8 айында облыс экономикасының дамуын көрсететін қысқа мерзімді индикатор 102,8%-ды құрады. Экономикалық өсімге әсер ететін 9 көрсеткіштің 6-уы бойынша оң динамика бар. Жыл басынан бері облысқа 275,7 млрд теңге инвестиция тартылған. Жиында тұрғын үйді пайдалануға беру, өңдеу өнеркәсібі, тау-кен өнеркәсібі, инвестиция тарту бағыттарындағы көрсеткіштерді жақсарту бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Аймақ басшысы аудан, қала әкімдеріне бюджеттің кіріс жоспарын орындауды қамтамасыз етуді, барлық бюджеттік бағдарламалар бойынша қаралған қаржыларды игеру бойынша тиімді шаралар қабылдауды міндеттеп, инвестиция тарту бағытындағы жұмысты күшейту қажеттігін айтты.