Сенаторлар ТМД ПАА тұрақты комиссияларының отырыстарына қатысты
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Ғалиаскар Сарыбаев, Жанна Асанова және Айгүл Қапбарова ТМД Парламентаралық Ассамблеясы тұрақты комиссияларының отырыстарына қатысты.
ТМД ПАА Қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында Ғалиасқар Сарыбаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерге арналған Қылмыстық кодекс үлгісіне өзгерістер жобасына терроризмді қаржыландырғаны үшін жауапкершілікке қатысты жұмысты әріптестерімен бірге аяқтады. Парламентшілер сонымен қатар ТМД ПАА жанындағы қауіпсіздік саласындағы заңнаманы үйлестіру және жаңа қауіп-қатерге қарсы іс-қимыл жөніндегі бірлескен комиссияның отырысында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің шекара мекемелерінің қызметін құқықтық реттеуді жетілдіру мәселелерін талқылады.
Сенатор Жанна Асанова ТМД ПАА-ның Саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында Парламенттік ассамблеялардың терроризмге қарсы күрес және БҰҰ ТҚБ-мен ынтымақтастық жөніндегі үшінші Үйлестіру кеңесіне ТМД ПАА делегациясының қатысуы туралы мәселені қарады. Сондай-ақ ЕҚЫҰ ПА, Еуропа Парламенті, ЕКПА, ХПО, ИЫҰПО халықаралық парламенттік ұйымдары сессияларының қорытындылары туралы баяндамаларды тыңдады.
Әлеуметтік саясат және адам құқықтары жөніндегі отырыста сенатор Айгүл Қапбарова «Медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру туралы» үлгі заң жобасын, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларын бағалау жөніндегі ұсынымдарды және еңбекті қорғау туралы заңнаманың сақталуына бақылауға қойылатын талаптарды басқа елдердің парламентшілерімен бірге қарады.