Cемей2°С
Ауа-райы
  • Абай18°С
  • Аягөз19°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау20°С
  • Курчатов18°С
  • Көкпекті17°С
  • Үржар21°С
546.96 642.73 6.7

392 жылдық педагогикалық еңбек өтілі бар Ғабдуллиндер әулеті

Бүгін, 10:54 Думан Кенжеғазыұлы

Жаңасемей ауданында бірнеше ұрпаққа жалғасқан Ғабдуллиндер әулетінің жалпы педагогикалық еңбек өтілі – 392 жыл. Әулеттің ұстаздық дәстүрін Қабдырахман Ғабдуллин мен Күләш Нұрбикенова бастаған.

Қабдырахман Ғабдуллин 1950 жылы Семей педагогикалық институтын тәмамдап, еңбек жолын Ұлан ауданындағы С.Аманжолов атындағы мектептен бастаған. Қайнар орта мектебінде 43 жыл бойы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беріп, шәкірт тәрбиеледі. «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісінің және «Әдіскер-мұғалім» атағының иегері.

Жары Күләш Нұрбикенова ұстаздық жолын Күршім ауданындағы Құмаш Нұрғалиев мектебінде бастап, 1959-1987 жылдары Қайнар орта мектебінде математика пәнінен сабақ беріп, кейін мектеп директоры қызметін атқарды. Педагогикалық еңбек өтілі – 40 жыл. «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.

Ата-ана жолын жалғаған бес қыз да ұстаздықты таңдады. Айжан Ғабдуллина Абай ауданындағы Ж.Молдағалиев атындағы мектепте математика пәнінен 40 жыл сабақ беріп, «ҚР білім беру ісінің үздігі» төсбелгісіне ие болды. Гүлжан Ғабдуллина Алматы қаласындағы №145 мектепте 37 жыл математика пәнін оқытып, бірнеше жыл оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарды, ал жолдасы Ғазиз Амангелді технология пәнінен 13 жыл еңбек етті.

Сәуле Ғабдуллина бастауыш сынып мұғалімі, еңбек өтілі – 22 жыл. Анар Ғабдуллина бастауыш сынып мұғалімі болып 30 жыл еңбек етті. Әулеттің келіні Торғай Советова С.Бегалин атындағы мектепте технология және физика пәнінен 36 жыл сабақ беріп, «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісі және ҚР Білім министрінің Алғыс хатымен марапатталды. Ләззат Ғабдуллина Шәкәрім университеті КеАҚ, экономика және қаржы кафедрасының аға оқытушысы, РһD философия докторы, еңбек өтілі – 30 жыл.

Екінші ұрпақ та ұстаздық дәстүрді жалғастырды. Лаура Әбішева – сызу, сурет, технология пәні мұғалімі, еңбек өтілі – 21 жыл. Жанар Әбішева – физика және информатика пәндері мұғалімі, еңбек өтілі – 20 жыл. Екеуі де Семей қаласындағы №45 мектепте сабақ береді. Елнұр Әбішев – информатика, робототехника, технология пәндері мұғалімі, 13 жыл еңбек етіп келеді. Жұбайы Сандуғаш Серікқызы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Екеуі де бірге Абай ауданындағы Ж.Молдағалиев атындағы орта мектепте жұмыс істейді. Нұрболат Манатайұлы – дене тәрбиесі пәні мұғалімі, еңбек өтілі – 6 жыл, ал жұбайы Жадыра Иманақышева С.Бегалин атындағы мектепте 6 жылдан бері биология пәнінен дәріс береді. Мөлдір Мейрамғалиева қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі пәндерінен Ж.Молдағалиев атындағы мектепте қызмет етеді. Еңбек өтілі – 6 жыл. Еңлік Айтқалиева – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Шәкәрім университетінде жұмыс істейді. Еңбек өтілі – 3 жыл.

Шөбере ұрпақтар да ұстаздық мамандықты таңдады. Назерке Астана қаласындағы М.Жұмабаев атындағы №65 мектеп-гимназияда мұғалім-дефектолог болып еңбек етсе, Іңкәр М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжді бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдады. Ал Ақнұр ағылшын тілі мұғалімі мамандығында білім алады.

Ғабдуллиндер әулеті – 1950 жылдан бастау алған ұстаздық дәстүрін үзбей жалғастырып, бірнеше ұрпақ бойы елге білім мен тәрбие беріп келе жатқан үлкен педагогикалық әулет.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив