Медициналық ұйымдардың жеке медициналық зертханаларға қарызы 5 млрд теңгеден асты
Мұндай берешек Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық ұйымдарға қаңтар мен ақпан айлары үшін төлемді кезекті рет кешіктіруі себепті орын алды. Соның салдарынан медициналық ұйымдар жеке медициналық қызметтерді орындаушылар алдында қарызға батқан. Қазіргі кезде небәрі екі зертхана алдындағы қарыз сомасы 5 млрд теңгеден асып отыр, соның ішінде 2022 жылға қарыз 1,6 млрд теңгені құрайды.
Кәсіпкерлер не істерін білмейді: медициналық ұйымдар Қор тарапынан қаржыландырудың болмай жатқанын алға тартса, қор филиалдары тура осылай жауап беріп, жеткізушілер (МСАК ұйымдары және т.б.) мен клиникалық-диагностикалық қызметтерді бірлесіп орындаушылар (тар шеңберлі мамандар және зертханалар) арасындағы шарттық қатынастарға араласуға жол бермеу туралы айтады.
Медициналық қызмет саласында мұндай жағдайдың орын алғаны бірінші рет емес. Былтыр медициналық қызмет көрсетушілер мен бірлесіп орындаушылар ТМККК шеңберінде немесе МӘМС жүйесінде көрсеткен қызметтері үшін ақы ала алмады. 2022 жылдың қаңтар, ақпан және наурызы үшін төлемдер тек сәуірден бастап жүзеге асырыла бастады.
Былтыр төлемдер «ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтерге тарифтерді бекіту туралы» бұйрыққа өзгерістер енгізу себепті тоқтатылған болса, биыл да төлемдер бұйрықтың өзгеруі және республикалық бюджеттен бөлінетін қаражаттың белгіленген шегі жағдайында халыққа медициналық көмекке қол жеткізуді реттеуші саналатын тізбектік шкаланың енгізілуіне байланысты кешіктіріліп жатыр.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өңірлік даму мониторингі департаментінің директоры Айнагүл Дәулетчинаның айтуынша, емхана мен медициналық қызметтерді бірлесіп орындаушылар арасындағы шарттық қатынастар Қор үшін үшінші тұлғалармен келісімшарттық қатынастар саналады. Мұндай келісімшарттарға Қор араласа алмайды.
«Жылдың басында емханалар 30%-ға дейін аванс алды. Сондықтан қалай болғанда да, медициналық қызметтерді бірлесіп орындаушылар емханалардан бірлесіп орындау қызметтері үшін ақша сұрауға құқылы. Емхана пациенттерге жолдама бере бастағанда, кез-келген жағдайда қаржыландыру жоспарын ұстануы керек. Тізбектік шкала 1 ақпаннан бері жұмыс істеп келеді. Сондықтан бірлескен орындаушылар, қордың тікелей жеткізушілері сияқты, қорды қаржыландыру жоспарын ұстануы керек. Мұндай бірлескен орындаушы да, жеткізуші де қаржыландыру жоспарын ұстануға мәндетті. Емхана жолдама берген кезде өз пациенттерін медициналық стандарттарға сәйкес қандай бағыттарға сәйкес келетінін білуі тиіс», – деп санайды Айнагүл Дәулетчина.
Алайда Қор өкілінің жауабына кәсіпкерлердің көңілі толған жоқ. Жиынға қатысушылар тізбектік шкала барлық пациентті медициналық қызметтердің қажетті көлемімен қамтамасыз ете алмайтынын атап өтті.
«Паценттерге жолдама беруден бас тартқанымыз үшін шағымдар көлемі өсіп жатыр. Демек, бір жағынан тізбектік шкала енгізілген, екінші жағынан диагностика және емдеу хаттамасы бойынша біз пациентті тар шеңберлі маманға жіберуіміз керек. Бұл ретте сіз медициналық ұйымға қызмет көрсетуді 10 күннен артық күту мерзімі үшін тіпті егер осы айдағы ақша лимиті таусылған болса да айыппұл саласыз. Біздің жұмысымызды шектедіңіздер. Біріншіден, тізбектік шкаланы немесе клиникалық-диагностикалық қызметтерін күту ұзақтығы 10 күнтізбелік күннен асады» дефектісін алып тастаңыз. Екіншіден, біздің бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымымыздың клиникалық-диагностикалық қызметтерге нақты қажеттілігі 250 млн теңгені құрайды, ал тізбектік шкала бойынша бізде 50 млн теңге. Қалған 200 млн теңгені БМСК қайдан алады?» – деді «Салауатты Астана» ЖШС бақылаушы кеңесінің төрайымы Лейла Ишбаева.
Зертханалардың иелері жоғары инфляцияға байланысты реагенттер мен шығын материалдарының құны күн сайын артып келе жатқанын, ал қарызды төлемеу айналым қаражаты бойынша кассалық алшақтықтарға және сатып алуды тоқтатуға әкелетінін атап өтті. Өйткені зертханалар келесі партияны сатып ала алмайды немесе оларды жеткіліксіз көлемде сатып алуға мәжбүр.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы көтерілген мәселені мәні бойынша қарау және жеткізушілердің бірлескен орындаушылар алдындағы қалыптасқан берешегін өтеуге қаржыландыру бөлуді ұсынды.
«Қор және Денсаулық сақтау министрлігі, проблемалар бар. Проблемадан қашудың керегі жоқ. Мәселені ҰКП алаңында шешіп көрейік, жұмыс тобын құрып, механизмді пысықтап, бұйрықтарға енгізейік. Мұны азаматтық-құқықтық қатынастарға түсіріп, көз жұма қараудың қажеті жоқ», – «Атамекен» ҰКП Медициналық қызметтер департаментінің директоры Назгүл Қабдрахманова.
Жеке зертханалардың иелері берешекті мәжбүрлеп өтеуге сот инстанцияларына жүгінген жағдайда, берешегі бар медициналық ұйымдардың қызметі тоқтауы мүмкін. Бұл жайт сайып, келгенде, халыққа теріс әсер етуі мүмкін екенін атап өткен жөн.