Сенаторлар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жұмысының тиімділігін талқылады
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының «Өңір» депутаттық тобының отырысында депутаттар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметіндегі жүйелі мәселелер мен олардың өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесін талқылады. Жиынға мемлекеттік органдардың, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың, сарапшылар қауымдастығы мен бизнес өкілдері қатысты.
Отырысты ашқан депутаттық топтың жетекшісі Серік Шайдаров әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар өңірлік дамудың маңызды құралы болып қала беретінін, алайда олардың қызметін одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өтті.
«Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар өңірлік экономиканы қолдаудың тиімді тетігіне айналуға қабілетті даму институттары ретінде құрылған болатын. Бүгінде олардың қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, нақты функционалын айқындау және мемлекеттік ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыру маңызды», – деді Серік Шайдаров.
Отырыс барысында қатысушылар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың институционалдық мәселелерін, инвестициялық жобаларды іске асыру, мемлекеттік активтерді басқару тиімділігі, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру тетіктерін қарастырды.
Сонымен қатар жобаларды жедел іске асыруға кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдарға және өңірлік деңгейде қабылданатын басқарушылық шешімдер үшін жауапкершілікті арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесуге қатысушылардың пікірінше, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жұмысына қатысты қолданыстағы тәсілдер қазіргі экономикалық міндеттер мен өңірлердің сұраныстарын ескере отырып жаңартуды қажет етеді.
Отырыс қорытындысы бойынша депутаттар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін жетілдіруге, олардың қаржылық тұрақтылығын нығайтуға, инвестициялық жобаларды іске асыру рәсімдерін жеңілдетуге, сондай-ақ бағаны тұрақтандыру тетіктерін қайта қарауға және мемлекеттік активтерді басқару тиімділігін арттыруға бағытталған ұсынымдар әзірледі.