Семейдегі «Жас Ұлан» тәрбиеленушілері ультрамарафоншымен жүздесті
Семей қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицей-интернаты оқушылары ультрамарафоншы, 30217 әскери бөлімі офицері Еламан Оразбекпен кездесті.
Жуырда 210 шақырым қашықтыққа жүгіріп өткен әскери қызметші жас ұландарға төзімділік, жоғары кәсіби дайындық және алға қойған мақсатқа табандылықпен жетудің маңызы туралы әңгімеледі. Кездесу барысында ол спорт пен әскери қызметтің өзара байланысына тоқталып, тәртіп пен ерік-жігердің адам өміріндегі рөліне ерекше мән берді.
Оқушылар офицерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, марафонға дайындық, психологиялық төзімділік және әскери өмір жайында пікір алмасты.
Айта кетейік, Еламан Оразбек – аталмыш білім ордасының түлегі. Сондықтан кездесу жас ұландар үшін ерекше әсерлі форматта өтт. Кездесу соңында оқушылар ультрамарафоншымен естелік суретке түсіп, ізгі тілектерін жеткізді.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі




