Абай облысында әлеуметтік қолдау шаралары күшейтілді

Абай облысында халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдау мақсатында кешенді шаралар қабылданып жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айман Нұрлыбек мәлімдеді.
Оның айтуынша, жыл басынан бері 12 361 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Сонымен қатар, 1 жастан 6 жасқа дейінгі 3 508 балаға қосымша ай сайынғы төлемдер беріліп отыр. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны өткен жылмен салыстырғанда 4 291 адамға азайған.
Сонымен қатар облыста жұмыспен қамту шаралары қарқынды жүргізілуде. Жыл соңына дейін
22 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Бүгінде 18 мыңнан астам тұрғын тұрақты және уақытша жұмыс орындарына тартылды. Кәсіп ашқысы келетін азаматтарға қайтарымсыз гранттар беріліп, кәсіби оқытуға жолдамалар ұсынылуда.
Әлеуметтік көмек алушылар да жұмыспен қамту бағдарламаларына белсенді түрде қатысып отыр. Мәселен, еңбекке қабілетті 3 025 шартты ақшалай көмек алушының 75,2%-ы тұрақты және уақытша жұмысқа орналасып, кәсіптік оқыту мен гранттық қолдау шараларына қамтылған.