Абай облысында ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланды
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша жиын өтті. Оған тиісті басқарма басшылары, ал қала-аудан әкімдері бейнережимде қатысты. Отырыста Мемлекет басшысының 2024-2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес әзірленген өңірлік кешенді жоспардың орындалу барысы қаралды.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев Абай облысының ауыл шаруашылығын дамытудың 2026-2028 жылдарға арналған жаңа моделін таныстырды. Даму моделі ет кластерін құру, сүтті-тауарлы фермаларын салу, ет бағытындағы құс шаруашылығын дамыту және суармалы егіншіліктің әлеуеті сияқты бағыттарды қамтиды.
Жаңасемей ауданында қуаттылығы жылына 12,6 мың тонна ет өндіретін комбинат құрылысы жүріп жатыр. Облыс бойынша 65 мың басқа арналған 12 бордақылау алаңы мен 9 сүт фермасын құру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, өңірде құс етін өндіру көлемін қосымша 15 мың тоннаға арттыру көзделуде. Су саласын дамытуға арналған кешенді жоспар аясында 6 жаңа су қоймасы салынып, 31 мың гектар суармалы жер айналымға енгізіледі.
Жиын қорытындысында аймақ басшысы осы салаға жауапты орынбасары Думан Оспановқа, аудан және қала әкімдіктеріне, жауапты басқармаларға ауыл шаруашылығына инвестиция тарту, қой шаруашылығын дамыту, суармалы жерлерді ұлғайту, бұрынғы су арналарын қалпына келтіру бойынша нақты тапсырмалар берді. Агроөнеркәсіптік кешен саласына екінші деңгейдегі банктердің инвестициялары мен кредиттерін тарту бойынша жұмысты жандандыруды жүктеді.