2023 жылы 65 тауарлы-сүт фермасын құруға 100 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2022-2024 жылдарға арналған жоспарын іске асыру барысы қаралды. Мәселе бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндады. Сонымен қатар Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы баяндама жасады.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, 2022-2024 жылдарға арналған азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарында 31 іс-шара көзделген, оның 17-сі – өнім өндіру көлемін ұлғайту, аграрлық ғылымды дамыту және тауарларды сақтау, жетеуі – азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, тағы жетеуі – азық-түлік тауарларының қауіпсіздігі мен сапасы бойынша іс-шара. 31 іс-шараның 11-і 2022 жылы орындалды және 20 іс-шараны іске асыру 2023-2024 жылдарға көзделген.
«Жалпы 2022 жылдың қорытындысы бойынша азық-түлік өндірісінің көлемі 3,9%-ға өсіп, 2,9 трлн теңгені құрады. Бұл ретте азық-түліктің негізгі түрлерін: өсімдік майы, ұн, макарон өнімдері, жарма, шұжық өнімдері мен қантты өндіру бойынша өсім байқалады. Сонымен қатар өндірісі төмендеген бірқатар өнімдер бар және олар негізінен сүт өнімдері: сары май, сүт, ірімшік және сүзбе, ашытылған сүт өнімдері», — деді Ербол Қарашөкеев.
Меншікті өндіріс есебінен қамтамасыз ету 2022 жылы шұжық өнімдері бойынша 56,4%-дан 61%-ға дейін, алма бойынша 73,7%-дан 75,6%-ға дейін, құс еті бойынша 65,4%-дан 68%-ға дейін, қант бойынша 42,6%-дан 51%-ға дейін ұлғайды. Бұл ретте ірімшіктер мен сүзбе бойынша 56%-дан 53%-ға дейін төмендеу байқалады. Осылайша, сүт өнімдері бойынша тағы да төмендеу байқалады. Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, бұл бүгінгі таңда сүт өнімдерін өндіру проблемалы екенін растайды, бұл шикізат базасының дамымауымен байланысты.
Сүт өнімдерін өндіруге арналған шикізат базасын кеңейту үшін өңірлік ӘКК арқылы ірі тауарлы-сүт фермаларының құрылысын жеңілдікпен қаржыландыруда Солтүстік Қазақстан облысының оң тәжірибесін кеңейту жөніндегі жоба іске асырылуда. Жобаны іске асыру нәтижесінде отандық сүт зауыттары сапалы шикізатпен қамтамасыз етіледі және сүт бойынша импортқа тәуелділік айтарлықтай төмендейді.
«Осы мақсаттарға 2023 жылға өндірістік қуаты жылына 373 мың тонна сүтті құрайтын 65 тауарлы-сүт фермасын құруға 100 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Келесі жылдары жоспарда қосымша 50 тауарлы-сүт фермасын салу бар, оған 113 млрд теңге қаражат қажет», — деді Е. Қарашөкеев.
Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, Қазақстан көкөністердің негізгі түрлері бойынша ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етеді. Мәселен, 2022 жылы 4,1 млн тонна картоп, 621 мың тонна сәбіз, 1,1 млн тонна пияз және 551 мың тонна қырыққабат өндірілді. Жеміс-көкөніс өнімдерін өндірудің едәуір көлеміне қарамастан, қыс-көктем кезеңінде сақтау қуатының төмендігіне байланысты нарықта отандық көкөністер ұсынысының төмендеуі байқалады. Бұл нарықта импорттық өнімнің өсуіне және маусымаралық кезеңде бағаның көтерілуіне әкеледі.
«Бұл мәселенің шешімі – көкөністерді сақтау қуатын арттыру, бұл отандық өнімнің бір бөлігін маусымаралық кезеңде сақтауға және сатуға мүмкіндік береді», — деді Ербол Қарашөкеев.
Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда республика бойынша жалпы сақтау сыйымдылығы 1 952,8 мың тонна болатын 1 208 көкөніс қоймасы, оның ішінде 770 көкөніс қоймасы, 382 картоп қоймасы және 55 жеміс қоймасы бар. Көкөністерді сақтау сыйымдылығын арттыру мақсатында 2025 жылға дейін көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жөніндегі кешенді жоспар бекітілді.
Кешенді жоспар аясында 2021-2022 жылдар аралығында жалпы сақтау көлемі жоспарланған 181,5 мың тоннаның орнына 200,8 мың тоннаға 37 жоба жүзеге асырылды. Осылайша, жоспарланған көрсеткіштер 110%-ға орындалды. 2023 жылдың соңына дейін 111,5 мың тонна өнімге 29 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Бұл ретте сақтау қуаттарымен қамтамасыз ету бойынша нақты көріністі белгілеу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі Сауда және интеграция министрлігімен және облыс әкімдіктерімен бірлесіп, санаттары бойынша бөлініп, барлық қоймаға тексеру жүргізетін болады, оның қорытындысы бойынша 2023-2025 жылдарға арналған жоспарға сәйкес, қоймаларды салуды ұлғайту жағына қарай қайта қаралатын болады.
Сонымен қатар мемлекеттік қолдауды реформалау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде өнімнің тауарлық сипатын сақтай отырып, ұзақ мерзімді сақтауды қамтамасыз ететін арнайы жабдықтары бар заманауи қоймаларды салу кезінде инвестициялық салымдарды өтеу үлесін 25%-дан 50%-ға дейін арттыру жұмыстары жүргізілуде.
Әрі қарай сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин өз саласы бойынша баяндама жасады.
«Біздің есебіміз бойынша ел халқының жалпы тұтыну көрсеткіштерін ескерсек, бүгінгі таңда келесі импортталатын тауарларға тәуелдіміз: қант, тауық еті, ірімшік және сүзбе, сары май, күнбағыс майы, макарон өнімдері, және маусымаралық кезенде қырыққабат пен пияз. Бүгінгі таңда 2022 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 9 атауы бойынша импортқа тәуелділік 16,2%-дан 55,9%-ға дейін және қант бойынша 90% тәуілділік бар. Кейбір тауарлар бойынша нарық халықтың тұтыну деңгейінен едәуір жоғары көлемде қамтылды. Алайда көрші нарықтардағы жағдайларға байланысты біз агрессивті экспортты байқап отырмыз. Әсіресе көкөніс өнімдерінің экспорты жоғары», — деді С. Жұманғарин.
Сауда және интеграция министрінің айтуынша, біз ішкі нарықты қамтамасыз ететін және азық-түлік секторындағы дағдарыстарға төзімді саясат құруымыз керек. Нарықтағы бағаны тұрақтандырудың қолданыстағы тетіктері аясында қалыптастырылған қорлармен молықтыру жөніндегі үйлестіру жұмыстары жалғасуда.
Биыл тарифтік/тарифтік емес реттеудің уақытылы шаралары оң нәтиже берді. Мәселен, күнбағыс тұқымына кедендік баж салығын енгізу нәтижесінде өндірушілерде күнбағыс майының бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік туды. Қазіргі уақытта өңдеу кәсіпорындарында және сауда орындарында күнбағыс майы бағасының төмендеу динамикасы байқалады.
Пияздың агрессивті экспортын болдырмау үшін 3 айға экспортқа тыйым салынған, кейінен бұл тыйым квотаға ауыстырылды. Бұл шара халықты пиязбен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді және алдыңғы жылдардағы қырыққабат пен картоп сияқты бағаның күрт өсуіне жол бермеді.
Қазіргі уақытта 2024 жылдың маусымаралық кезеңін қамтамасыз ету үшін 2023 жылғы күзгі егінге келісім-шарт бойынша жұмыс жалғасуда. Бүгінгі таңда 90,0 мың тоннаға жуық өнім қалыптастырылды. Жергілікті атқарушы органдар келесі жылдың маусымаралық кезеңіндегі келісім-шарттарды жасасуды жылдамдатуы керек.
Ішкі нарықтың қанықтылығын қамтамасыз ету үшін осы жылдың мамыр-маусым айларында ерте импортталған көкөністерді жеткізу мәселесі пысықталуда. Бүгінгі таңда «Тәжагропромэкспорт» 50 мың тоннаға дейін ерте пісетін пиязді жеткізіп беруге дайын. Ерте пісетін пиязды жеткізуді ұйымдастыру үшін «KTZ Express» АҚ – «KZTE Commerce» филиалы тартылды. Бұл компания пиязды орталықтандырып сатып алуды, кедендік тазартуды, тауарды қабылдауды және оны аумақтық әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларға бөлуді қамтамасыз етеді.
Жергілікті атқарушы органдар мен әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар Сарыағаш станциясынан тауарды уақsтылы алып, өңірлерге жеткізуді және баға тұрақтылығын қамтамасыз етуі тиіс. Сондай-ақ «UZKAZTRADE» компаниясымен бірлесіп, жеткізумен бірге құны 130 тг/кг, тұратын қырыққабатты Өзбекстаннан сатып алу мәселесі пысықталды.
«Сонымен қатар Түркістан облысының фермерлерінде ерте піскен қырыққабат аталған бағамен қазіргі танда сатуына байланысты біз отандық тауар өндірушіні қолдау мақсатында өзбек қырыққабатын сатып алудан бас тарттық. Қырыққабат өндірушілердің тізімі барлық аймаққа ақпарат ретінде берілді. Барлық аумақосы қырыққықабатты тікелей сатып алып, аумақтарға жеткізіп, интервенцияны жүргізуі қажет», — деді сауда және интеграция министрі Алтай Көлгінов.
Министрдің айтуынша, келешекте ерте пісетін қырыққыбаттын бағасы мамыр айында төмендейді деп күтілуде. Нарықты ерте пісетін картоппен қамтамасыз ету үшін Пәкістан мен Өзбекстаннан жеткізу пысықталуда. Бүгінгі таңда барлық сақтау нысанының ішінде елімізде тек 200-ге жуық көкөніс қоймасында климаттық жабдықтар бар.
Қоймадағы көкөністердін көлемін анықтау мақсатында талдау жүргізу кезінде дәйекті тауар балансын қалыптастыру үшін деректердің болмауы проблемасы анықталды. Осыған байланысты Ұлттық статистика бюросына қоймалардағы көкөніс қорлары бойынша статистикалық деректер әзірлеу және енгізу туралы ұсыныс енгізілді.
«Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарда тіркелмеген көкөніс қоймаларына түгендеу және тіркеу жұмыстарын жүргізіп, оларды салық есебіне қоюды тапсырдым. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігі, Сауда және интеграция министрлігі және жергілікті атқарушы органдар көкөніс қоймаларын санаттарға бөлуі жұмыстарын жүргізеді», — деді Серік Жұманғарин.
Нәтижесінде барлық көкөніс қоймасын статистикалық есеппен қамтып, еліміздің қоймаларындағы көкөністер бойынша дәйекті деректер тұрақты түрде қолжетімді болады. Сонымен қатар алдын ала бағалау жұмыстары нәтижесінде сақтау қуаттарында айтарлықтай тапшылық байқалуда.
«Егер біз заманауи сақтау форматтарының талаптарына сәйкес келетін қоймаларды ғана ескеретін болсақ, онда тапшылық әлдеқайда көп болады. Жалпы түгендеу нәтижелері бойынша 2025 жылға дейін көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жөніндегі кешенді жоспар пысықталатын болады», — деді сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.
Әрі қарай тақырып бойынша Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы баяндама жасады.
Оның айтуынша, елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін биыл 19,8 мың гектарға ерте пісетін көкөністер егілді. Атап айтқанда, 9 мың гектарға ерте пісетін картоп, 7,5 мың гектарға қырыққабат, 2 мың гектарға пияз, 1,3 мың гектарға сәбіз орналастырылды.
Алқаптардан 459 мың тонна ерте пісетін өнім жинау жоспарланып отыр. Оның ішінде сәуір айында 5,7 мың тонна қырыққабатты жинау жоспарланып, нақты 8 мың тонна жиналды. Жоспар 4%-ға артық орындалды. Алдағы мамыр айында 102 мың тонна, маусымда 174 мың тонна, шілде айында 177 мың тонна өнім жинау жоспарланып отыр. Нәтижесінде 5 ай маусымаралық кезеңінде республикалық қажеттілік қырыққабат бойынша 95%-ға, сәбіз 16%-ға, пияз 43%-ға, картоп 23%-ға қамтамасыз етіледі. Осы тұста өзге облыстармен ерте пісетін өнімдерге форвардтық келісім-шарттар жасалып, 6,5 мың тонна өнімдерді тауар өндірушілерден тікелей сатып алу жөнінде келісім-шарттарға қол қойылды.
Сонымен қатар Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жоспарына сәйкес биыл дақылдарды 860 мың гектарға егу жоспарланып отыр. Әртараптандыру арқылы жоғары рентабельді дақылдардың алқаптарын ұлғайту бойынша жұмыстар жалғасын тауып отыр. Атап айтқанда, көкөніс 2,3 мың гектарға артып, 45 мың гектарға егілді; бақша 8,7 мың гектарға артып, 69 мың гектарға егілді; мал азығы дақылдардың көлемі 6,7 мың гектарға артып, 228 мың гектарға егілді. Сәйкесінше, мақта дақылы 14,4 мың гектарға қысқартылды.
«Тұзданған және сорланған жерлерде тұзға тұрақты жүгері, бұршақты дақылды егуді қолға алдық. Биыл облыстың оңтүстік аймақтарында қосымша 2 мың гектарға дәндік жүгері, 500 гектарға бұршақты дақыл егіледі. Өнімдерді сақтау қоймаларын арттыру бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда», — деді Ермек Кенжеханұлы.
Түркістан облысы әкімі орынбасарының айтуынша, қазіргі таңда облыста жалпы сыйымдылығы 38 мың тоннаны құрайтын 20 жеміс-көкөніс сақтау қаймасы бар. 2023-2025 жылдарға жалпы құны 21 млрд теңгеге сыйымдылығы 86 мың тонна арналған 15 заманауи үлгідегі жеміс-көкөніс сақтау қоймасын салу жоспарланып отыр. Оның ішінде 2023 жылы 22 мың тоннаға арналған 8 жоба жүзеге асырылады.
«Инвестициялық субсидиялау бағдарламасы арқылы “1 мың тоннадан басталатын картоп-көкөніс сақтау орындарын салу, кеңейту” жобалары шығынының 25%-ын өтеуге бюджеттен тиісті қолдаулар көрсетілетін болады. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар тұрақты бақылауда», — деді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы.