Cемей1°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
491.7 531.28 5.07

Айдарбек Сапаров: сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін Үкімет «таза» 5%-бен тікелей субсидиялау тетігін енгізді

23-07-2024, 18:19 Думан Кенжеғазыұлы

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемін 5 жылда 2 есеге арттыру міндетін қойған болатын. Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында агроөнеркәсіп өнімін арттыру бойынша атқарылып жатқан шаралар қаралды.

Отырыста осы бағыттағы жұмыстың жай-күйі жайында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың есебі тыңдалды.

Министрдің айтуынша, биыл Экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимыл жоспары шеңберінде агро саланың өсімі 11,6% деңгейінде қамтамасыз етілуге тиіс. 2024 жылғы 6 айда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 3,4%-ға артып, 1,6 трлн теңгені құраған.

«Бұл ретте мал шаруашылығында нақты көрсеткіш индексі 103,5%-ды, өсімдік шаруашылығында – 103%-ды құрады. Жоспарланған 11,6% деңгейдегі көрсеткішке қол жеткізу егін жинау жұмыстары аяқталғаннан кейін осы жылдың екінші жартыжылдығында қамтамасыз етілетін болады», — деді А. Сапаров. 

Биыл елімізде жалпы егіс алаңы 23,8 млн гектарды құрады. Ауыл шаруашылығы министрі бұл тұрғыда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес республика бойынша егіс алқаптарын әртараптандыру жоспарына қол жеткізілгенін мәлімдеді. Оның мәліметіне сүйенсек, бидай алқабы 450,3 мың га қысқарған. Сондай-ақ майлы дақылдар мен қант қызылшасы алқаптары сәйкесінше 608 мың және 9,4 мың га ұлғайтылды. Суды көп қажет ететін дақылдардың алаңы: күріш 6,9 мың га, мақта 16 мың га қысқарды.

Биылғы егіс жұмыстарына жүргізілген сапалы дайындық жаздың қолайлы ауа-райы жағдайында егілген егіннен жақсы өнім алуға мүмкіндік береді.

«Үкімет егіс науқанын қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етудің барлық мәселелерін шешті. Алғаш рет көктемгі егіс жұмысына жеңілдетілген кредит көлемі жылдық "таза" 5%-бен 580 млрд теңгеге дейін жеткізілді. Өткен жылдары бұл көлем 180 млрд теңгеден аспаған. Бөлінген қаражаттың 406 млрд теңгесі игерілді, қалған 174 млрд тенгені игеру жұмыстарын жеделдету қажет», — деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрі.

Сонымен қатар Аграрлық несие корпорациясы арқылы Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларды (ӘКК)  қорландыру есебінен ауыл шаруашылығы өндірушілеріне жеңілдікпен қаржыландыру беру арналары кеңейтілді. 

Дегенмен, ӘКК-ды тарту бойынша белсенді жұмысты тек 5 өңір жүргізуде:

- Солтүстік Қазақстан (20 млрд теңге);

- Қостанай (20 млрд теңге),

- Павлодар (10 млрд теңге);

- Шығыс Қазақстан (10 млрд теңге),

- Қызылорда (5 млрд теңге) облыстары.

Яғни, аталған өңірлерде осы бағытқа 65 млрд теңге көзделген.

«Қалған өңірлер Үкіметтің бастамасы негізінде іске асырылып жатқан шараларға тиісті деңгейде жұмыстар жүргізіп жатқан жоқ», — деп мәлімдеді министр.

А. Сапаровтың айтуынша, тыңайтқыштар енгізу бойынша да үлкен жұмыс жүргізілді. Мәселен, өткен жылы бүкіл жыл ішінде 679 мың тонна енгізілсе, биыл қазіргі уақыттың өзінде 1,1 млн тонна сатып алынған. Жоспар — 1,5 млн тонна.

Биыл шаруалар қажетті көлем — 2,4 млн тонна тұқыммен қамтамасыз етілді. Бұл ретте, осы жылы элиталық тұқымдардың үлесі 7,1%-дан 9%-ға дейін өскен.

«376 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны литріне 250 теңгелік бағамен бөлінді, бұл нарықтық бағадан 15%-ға төмен. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында субсидиялау жүйесін жетілдіру бойынша көп жұмыс жүргізілді. Қаржы институттарының сыйақы мөлшерлемелерін жылдық «таза» 5%-бен тікелей субсидиялау тетігі енгізілді. Сондай-ақ, жылдық «таза» 5%-бен отандық өндірістегі ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдетілген лизингі бағдарламасы іске қосылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы бағдарламаны іске қосу жөніндегі іс-қимыл жоспарын қабылдады, фермерлерден өтінімдерді қарау қарқынды жүріп жатыр», — деп атап өтті ауыл шаруашылығы министрі А. Сапаров.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін отандық тыңайтқыштарды аванстық субсидиялау тетігі енгізілді. Осы тетік шеңберінде субсидиялар нормасы 50%-дан 60%-ға дейін ұлғайтылды.

Одан бөлек, су берушілерге шығындарды тікелей өтеуді көздейтін Су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілді. Бұл ретте су үнемдеу технологияларын енгізуге ынталандыру үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен инвестициялық субсидиялау 50%-дан 80%- ға дейін артты.

Дала жұмыстарына кредит бергенде кепілмен қамтамасыз етудің қиындығын шешу үшін қарыз шарты сомасының 85%-ына портфельдік кепілдендіру енгізілді.

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы ірі өнеркәсіптік инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін кеңейту шеңберінде 2024 жылдан бастап бағдарлама бойынша тауарлы сүт фермаларын, суландыру, көкөніс сақтау қоймаларын және құс фабрикаларын қаржыландырумен қатар тағы 8 бағыт қаржыландырылатын болады.

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша 17 мыңға жуық микрокредит беру жоспарлануда. 2024 жылы 100 млрд теңге көзделген, оның ішінде осы айда 5 млрд теңге сомасына 5 облыс (Қарағанды, Түркістан, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Алматы) қаржыландырылды. Қалған қаражатты бөлу мәселесі қарастырылуда», — деді министр.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді екі есеге арттыру мақсатында Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тұжырымдамасын іске асыру үшін қадамдық Жол картасы бекітілді. 

«Монодақыл — бидай алқаптарын қысқарту бойынша республикалық көрсеткіш 4,7%-ға асыра орындалды. Майлы дақылдар алаңын ұлғайту жөнінде Ақмола, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Түркістан, Қарағанды облыстары әкімдіктері тиісті деңгейде жұмыс жүргізген жоқ. Нәтижесінде, республика деңгейінде жоспарланған көрсеткішке қол жеткізілмей отыр», — деп мәлімдеді А. Сапаров.

Бұл тұрғыда, мал азығы, күріш және мақта дақылдары бойынша әртараптандыру жөніндегі республикалық жоспар орындалды. Ал, суды көп қажет ететін дақылдар алаңын азайту жұмыстары шеңберінде Алматы мен Жетісу облыстарында күріш бойынша индикаторларға қол жеткізілмеген.

«Мақта бойынша жоспар толығымен орындалды, 16 мың га алқап қысқартылды. Қант қызылшасы сияқты әлеуметтік маңызы бар дақыл бойынша республика көлемінде жоспар 10,4%-ға орындалмады, атап айтқанда Алматы облысында жоспар тек 50%-ға, Жамбыл облысында 74%-ға орындалды. Минералды тыңайтқыштар бойынша Қызылорда облысынан басқа өңірлерде жоспар орындалған жоқ», — деп атап көрсетті министр.

Дегенмен, элиталық тұқымдардың үлесін арттыру жоспары 96%-ға орындалған. Аутсайдерлер — Жамбыл (51%), Павлодар (71%), Қарағанды (80%) облыстары.

Айта кету керек, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдында су үнемдеу технологиясын қолдана отырып, суармалы жердің алаңын жылына 150 мың гектарға дейін ұлғайту міндеті қойылған. Ол бойынша бүгінгі күні нақты орындалуы 56,3 мың га немесе 37,3%-ды құрайды.

Министрлік осындай технологияларды сатып алу кезінде шығындарды субсидиялауды жергілікті бюджет қаражаты есебінен 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізген.

«Іс жүзінде барлық облыста осы индикатордың орындалмау қаупі бар, сондықтан әкімдіктер осы бағыттағы жұмыстарға баса назар аударуы қажет», — деді ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров. 

Сондай-ақ еліміздің машина-трактор паркін жаңарту бойынша жоспардағы 5,5%-дың нақты 3,1% орындалды. Осы орайда, Үкіметтен отандық ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне «таза» 5%-бен жеңілдетілген қаражат бөлінді.

Ауыл шаруашылығы министрінің пікірінше, облыс әкімдері ауыл шаруашылығы өндірушілері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жоспарлы индикаторларға қол жеткізуді қамтамасыз етуі тиіс. Үкімет тарапынан барлық қажетті жұмыс қысқа мерзімде орындалды. Бұл жерде бір мезгілде ауыл шаруашылығы техникасын түгендеу бойынша сапалы жұмыс жүргізу қажет. Бірлескен іс-қимылдардың арнайы алгоритмі жергілікті атқарушы органдарға жеткізілген.

Мал шаруашылығы саласында сүт пен құс еті бойынша импортқа тәуелділікті төмендету мақсатында әкімдіктер үшін ет бағытындағы құс фабрикаларын және тауарлық сүт фермаларын құру және кеңейту бойынша индикативтер жеткізілді. Мәселен, сүтті мал шаруашылығында импортты алмастыру жөніндегі міндетке сәйкес биыл қуаты 373 мың тонна сүтті құрайтын 65 тауарлы сүт фермасын іске қосу жоспарланған. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 100 млрд теңге қаражат бағытталды.

«І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша қуаты 67,2 мың тонна сүт болатын 16 жоба пайдалануға берілді. Осылайша, жылдық жоспардың орындалуы 24,6%-ды құрады», — деді министр.

Министрдің айтуынша, жоғарыда аталған жобаларды іске асырудың ажырамас бөлігі жоғары өнімді асыл тұқымды мал сатып алу. Тауарлы сүт фермаларының құрылысы шеңберінде биыл 30 мың ірі қара малдың аналық басының импорты жоспарланған. Бүгінгі таңда сегіз аймақ 7,4 мың бас әкелді немесе жоспарланған көлемнің 24,6%-ы орындалды.

Сонымен қатар ет бағытындағы құс фабрикаларын құру және кеңейту бойынша биыл жалпы қуаты 72 мың тоннаға жуық құс етін өндіретін 10 жоба жоспарланған, оның ішінде Алматы және Қызылорда облыстарында 2 жоба іске қосылды немесе бұл жоспардың 20%-ы.

«Облыс әкімдіктері ветеринариялық пункттерді, мал қорымдарын немесе инсинераторлар мен сою пункттерін салу және сатып алу жөніндегі индикативтік жоспарды орындауды тиісті деңгейде жүргізбей отыр. Қойылған міндетті Солтүстік Қазақстан және Жетісу облыстары орындады, ал қалған әкімдіктер тиісті көрсеткішке қол жеткізген жоқ», — деді А. Сапаров.

Эпизоотиялық саламаттылықты қамтамасыз ету және ветеринариялық қызметтің әлеуетін дамытуды ескере отырып, өңірлер міндетті түрде қажетті объектілермен қамтамасыз етілуі тиіс. Ол үшін өңірлерге осы бағыттағы жұмысты күшейту қажет.

Агроөнеркәсіптік кешенге тартылған инвестициялардың жоспарланған көлемі 1,7 трлн теңге. Ағымдағы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш республикада шамамен 410 млрд теңгені құрады немесе жоспардың 24,1%-ы орындалды.

«Бұл ретте жоспардын 50%-дан астамын тек Павлодар облысы орындады. Басқа өңірлер бұдан төмен көрсеткіштерге ие. Осы орайда, барлық әкімдіктер жылдық межені орындау бағытында жұмысты күшейтуі қажет. Жалпы, өңір әкімдері жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 11,6%-ға өсуін қамтамасыз ету үшін белсенді шаралар қабылдауы қажет», — деп түйіндеді баяндамасын министр. 

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив