Абай облысы әкімдігінде кеңейтілген аппараттық кеңес өтті
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру, Мемлекет басшысының халықты 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы және өңірдегі тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша жоспардың орындалуы қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері, ал аудан және қала әкімдері бейнережимде қатысты.
Азық-түлік бағасын тұрақтандыру туралы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахимбеков пен Абай облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің талдау әзірлемелері бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марат Сейілханов баяндады.
Өңірде бағаны тұрақтандыру мақсатында «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 1,8 млрд теңгеге әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 9 түрі бойынша форвардтық келісімшарттар жасады. Қазіргі таңда өнімдер Семей қаласындағы 12 әлеуметтік павильонда, «ADAL» супермаркеттерінде және 50-ден астам үй жанындағы дүкендерде сатылады.
Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізуге қатысатын өз өнімі жоқ делдалдарды анықтау жұмысын жалғастыруда. Жүргізілген тексеріс нәтижесінде биыл 800-ге жуық бағаны негізсіз көтеру фактісі анықталған. 100 делдал нарықтан шығарылып, 366 әкімшілік хаттама толтырылып, 14 млн теңге айыппұл салынды.
Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі бойынша облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Раджан Сейітқанов баяндады.
Мемлекет басшысының елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Абай облысында тиісті жұмыс атқарылуда. Қазіргі таңда өңірде 33 жаңа құрылыс жобасы жүзеге асырылуда.
Облыстағы су желілерін жаңғырту мақсатында 28 жоба жүзеге асырылуда, оның 25-і – ауылдық елді мекендерде, 3-уі – Семей қаласында.
Аймақ басшысы жиында бірінші орынбасары Ербол Садыр мен кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысына аудан және қалалардағы бағаны тұрақтандыру комиссияларының жұмысын талдап, олардың белсенділігін арттыруды, сауда орындарында шекті бағалардың сақталуын бақылауды күшейтуді, өндірушілердің өнімдерін делдалсыз, дүкендерге тікелей жеткізу тетігін әзірлеуді тапсырды.
Облыс әкімі ауыз сумен қамтамасыз ету жобаларының орындалу барысын ерекше бақылауда ұстап, құрылыс жұмыстарының кестеге сай жүзеге асырылуына күнделікті мониторинг жүргізу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, аудан және қала әкімдеріне жыл соңына дейін аяқталуы тиіс жобаларды толық іске қосу бойынша нақты шараларды қабылдауды жүктеді.