Cемей-2°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
538.63 622.23 6.71

Қазақстан АҚШ Сауда палатасында америкалық инвесторларға өзінің белсенді экономикалық өсу саясатын таныстырды

Бүгін, 10:54 Думан Кенжеғазыұлы

Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Вашингтонда АҚШ Сауда палатасы жанындағы Қазақстан-Америка іскерлік кеңесінің (USKZBC) дөңгелек үстелі шеңберінде америкалық бизнеске Қазақстанның инвестициялық-экономикалық әлеуетін таныстырды. Іс-шара Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының жыл сайынғы жиналысы қарсаңында өткізіліп отыр.

Жиынға америкалық тараптан АҚШ Сауда палатасының Таяу Шығыс, Түркия және Орталық Азия істері жөніндегі аға вице-президенті Куш Чокси, Chevron, Brownstein, Bectel, ExxonMobil, Citi, Mastercard, Boeing, lanzaJet және басқа да жетекші корпорациялардың топ-менеджерлері қатысты.  

Серік Жұманғарин кездесуге қатысушыларға алғысын білдіріп, Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық қарым-қатынастар жоғары деңгейін сақтап отырғанын атап өтті. Елімізде америкалық капиталдың қатысуымен 600-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың ішінде Chevron, ExxonMobil, General Electric, Pfizer, Honeywell, Coca-Cola, PepsiCo, John Deere және басқа да кәсіпорындар бар. Америкалық бизнес қаржы мен энергетикадан бастап машина жасау, фармацевтика және логистикаға дейінгі барлық негізгі саланы қамтиды.

«Қазақстан – америкалық бизнес үшін тартымды ел. Биыл еліміздегі ЖІӨ $330 млрд-тан асады, бұл – Орталық Азия экономикасының шамамен 60%-ы. 2024 жылғы қорытынды бойынша жан басына шаққандағы ЖІӨ $14 мыңнан, ал сатып алу қабілетінің паритеті бойынша $44 мыңнан асты. Ортамерзімді мақсат – 2029 жылға қарай ЖІӨ көлемін $450 млрд-қа жеткізу», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Мемлекеттік қаржының жоғары тұрақтылығына айрықша назар аударылды. Қазақстанның мемлекеттік борышы консервативті деңгейде және ЖІӨ-нің 22,2%-ын немесе $61 млрд-ты құрайды. Әлем елдерінің 78%-ында мемлекеттік борыштың ЖІӨ-ге қатынасы бұл көрсеткіштен асып кетеді.

Соңғы 20 жылда елімізге $400 млрд-тан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл жыл сайын орта есеппен $20 млрд-тан асады.

Инвестиция түрлі секторларға бағытталған. Бұл инвестицияның үштен бірінен азы тау-кен өнеркәсібіне тиесілі. Қалғаны – өңдеу өнеркәсібі, қаржы және сақтандыру қызметі, құрылыс және көлік салаларында.

Қазақстан экономикасы үшінші жыл қатарынан 5%-дан жоғары тұрақты өсімді көрсетіп отыр: 2023 жылы – 5,1%, 2024 жылы – 5%, осы жылғы 9 айда – 6,3%, бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіштің бірі.

Еліміздің несие қабілеттілігін жетекші рейтингтік агенттіктер растады: Қазақстанның S&P, Fitch және Moody's инвестициялық рейтингтері бар, бұл ретте жақында S&P болжамын «оңға», ал Moody's өткен жылы «Baa1» деңгейіне дейін көтерді.

Вице-премьер жылына 5-6% деңгейінде тұрақты даму қарқынын қамтамасыз етуге арналған жаңа белсенді экономикалық өсу саясатының негізгі бағыттарын ұсынды. Бұл өсімді АӨК шикізаты мен өнімін терең және орташа өңдеуде өнімділігі жоғары экспорттық жобаларды кеңінен қаржыландыруға қабілетті қаржылық даму институттары арқылы қол жеткізу жоспарланып отыр.

Аталған бағыттардың жиынтық инвестициялық әлеуеті $100 млрд-тан асады деп бағалануда.

Өнеркәсіптің ЖІӨ-ге қосқан үлесі қайта өңделген тауар үлесін арттыру және ел ішінде ең жоғары қосылған құнды құру арқылы өседі деп күтілуде. 

Өсудің қосымша бағыттарына теміржол машинасын жасау, автомобиль жасау, тыңайтқыш өндіру, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, жаңа кен орнын игеру және жерде сирек кездесетін металдарды қосқанда, минералдық-шикізат базасын дамыту кіреді.

Алдағы бес жылда құны шамамен $100 млрд болатын жобаны жүзеге асыру жоспарланып отырған энергетика мен коммуналдық инфрақұрылымға ерекше назар аударылады.

«Ірі жобаларды жүзеге асыру үшін біз салалық тәжірибесі бар халықаралық жетекші  компанияларды шақырамыз. Олардың қатысуы өндіріс тиімділігін арттыруға ғана емес, адами капиталды дамытуға, жаһандық тізбектермен интеграциялауға және Қазақстанның сенімді әріптес ретіндегі беделін нығайтуға ықпал етпек», — деп атап өткен Серік Жұманғарин америкалық компанияларды өзара тиімді ынтымақтастыққа шақырды.

Анықтама

АҚШ Сауда палатасы – 3 млн-нан астам компанияны, 3 мыңға жуық өңірлік сауда палатасын және 830 салалық қауымдастықты біріктіретін әлемдегі ең ірі бизнес-қауымдастық.

Қазақстан-Америка іскерлік кеңесі (USKZBC) АҚШ Сауда палатасының жанынан жұмыс істейді және Chevron, ExxonMobil, Fluor, General Electric, Apple, Bechtel, Boeing, Caterpillar, Citigroup, Mastercard, Halliburton, IBM және басқа да Қазақстанда жұмыс істейтін 27 компанияны біріктіреді.

2024 жылғы Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы – $4,2 млрд. Бұл – өткен жылғы көрсеткіштен 4,1%-ға жоғары. Қазақстаннан АҚШ-қа экспорт 30,7%-ға өсіп, $2,2 млрд-қа жетті.

Қазақстан аумағында америкалықтардың қатысуымен 720-дан астам кәсіпорын жұмыс істейді, олардың 20-сы ірі және орта компанияға жатады. Компаниялар мұнай-газ, өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, IT және фармацевтика салаларында құрылған.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив