Мемлекет басшысы Американың бизнес өкілдерімен өткен «дөңгелек үстел» отырысында сөз сөйледі

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорктегі жұмыс сапары АҚШ-тың ірі бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен «дөңгелек үстел» отырысында жалғасты.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен АҚШ-тың кеңейтілген стратегиялық серіктестігі қарқынды түрде дамып келе жатқанына назар аударды.
– Біз Американы маңызды серіктестеріміздің бірі санаймыз және сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенімізді растаймыз. Америка Құрама Штаттарының да осы стратегиялық ұстанымды қолдайтыны қуантады. Оған Президент Дональд Трамппен 2024 жылы желтоқсан айында болған әңгімелесу барысында көз жеткіздік. Бүгін біз Президент Трамппен тағы да мазмұнды әңгіме жүргіздік. Ол үшін ризашылығымды білдіремін. Қазақстан Президент Трамптың прагматикалық дипломатияны алға тартуын, Еуропа мен Таяу Шығыстан бастап Азия мен Африкаға дейінгі қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеуге ықпал ету ісіндегі рөлін жоғары бағалайды. Оның конструктивті позициясы мен нақты нәтижеге қол жеткізуге айрықша мән беруі жаһандағы жіктелу ушыққан кезеңде шиеленістің бәсеңдеп, диалогтың артуына ықпал етуде. Мақсат-міндеті айқын мұндай батыл әрі табанды әрекет халықаралық деңгейде мойындауға лайық. Біздің ойымызша, бұл ұстанымдар ертең өтетін БҰҰ-ның Жалпы дебатында Ұйымға мүше мемлекеттердің назарына ұсынылуы керек. Құрама Штаттар Қазақстан экономикасына 100 миллиард доллардан астам қаржы құйған ірі инвестор саналады. Екі ел экономикалық ықпалдастықта зор жетістікке жетті. Біз мұны мақтан тұтамыз. Қазір елімізде 630-дан астам америкалық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында Chevron, ExxonMobil, Boeing, Visa, Mastercard, Meta, Wabtec, Citibank секілді танымал брендтер бар, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстанның өңірдегі экономикасы ең қуатты ел ретінде Орталық Азияға Америка бизнесінің инвестициясын тарту және олардың кәсіп аясын кеңейту ісінде жетекші рөл атқаруға дайын екенін жеткізді. Бұл бағыттағы күш-жігерге С5+ және B5+ форматындағы тұрақты ынтымақтастық тың серпін бере алады.
Президент дөңгелек үстел қатысушыларына елімізде жүзеге асырылып жатқан экономикалық және саяси реформалар туралы мәлімет берді.
– Қазақстан білім мен инновацияға арқа сүйеген экономика құруды мақсат етеді. Бұл ретте цифрлық трансформацияға баса мән беріледі. Еліміздің экономикасы өңірдің өркендеуінде негізгі рөл атқарады. Қазақстанның мұндай биікті бағындыруына Америка бизнесі айтарлықтай үлес қосты. Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша еліміздің экономикалық өсімі 6,5 пайызды құрады. Біз дамудың жоғары қарқынын сақтай отырып, ауқымды саяси-экономикалық реформалар жүргізуге ниеттіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жүзеге асырылып жатқан жұмыстың барлығы Қазақстанның тікелей шетел инвестициясына тартымдылығын арттыруды көздейтінін айтты. Сонымен қатар Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық және инвестициялық ықпалдастықтың негізгі бағыттарына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұрыннан екіжақты ынтымақтастықтың негізі саналатын энергетика секторын алғашқы басымдық ретінде атады.
– Chevron және ExxonMobil компанияларының соңғы 30 жылда елімізге қомақты әрі табысты инвестиция салғанын мойындаймыз және жоғары бағалаймыз. Аймақтағы геосаяси дүрбелеңдерге қарамастан, олардың еліміздегі қызметіне қатысты ешқашан күмән туған емес. Еліміздің экономикасын жаңғыртуда, озық технологиялар енгізуде, экономикалық әлеуетіміздің орнықтылығы мен қуатын арттыруда сіздердің Қазақстандағы қызметтеріңіздің жағымды әсері болды. Біз Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ мұнай кен орындарындағы америкалық серіктестерімізбен конструктивті ынтымақтастықты одан әрі жалғастырамыз. Өзара серіктестігіміз алдағы уақытта да әділ әрі екі тарапқа тиімді нәтиже әкелгенін қалаймыз. Қазақстан өзінің энергетикалық ресурстарын экспорттау бағыттарын әртараптандыруды көздейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы аталған стратегиялық маңызды міндетті жүзеге асыру ісінде Американың энергетика компаниялары басты рөл атқаратынына назар аударды.
Сонымен қатар Президент геологиялық барлау әрі іске асырылып жатқан жобалардың аясын кеңейту, әсіресе, уран өндіру және оны өңдеу саласында жаңа мүмкіндіктерді зерделеу қажет екенін атап өтті. Қазақстан әлемдік уран нарығындағы сұраныстың шамамен 40 пайызын өтейді. Ал АҚШ осы материалдың орта есеппен 24 пайызға жуығын біздің елден импорттайды.
– АҚШ-тың энергетика саласындағы басымдықтарына сәйкес, біз көмірге негізделген таза, тиімді және экологиялық тұрғыдан қауіпсіз энергетикалық шешімдерді ұсынамыз. Қазақстанда қуаттың 70 пайыздан астамы көмірден алынады. Әлемдегі көмір қоры мол елдердің бірі ретінде біз де АҚШ сияқты мұны энергияның сенімді әрі қауіпсіз көзі ретінде қарастырамыз, тым болмағанда таяу келешекте одан бас тартпаймыз. Еліміздің энергетикалық стратегиясы төрт компонентке: мұнай, газ, көмір және уранға негізделген. Біз осы қағидатты берік ұстанамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент маңызды шикізат материалдарын игеруді басым бағыт ретінде қарастыратынын жеткізді. Бұдан бөлек, Қазақстанда мыс, вольфрам, қорғасын, мырыш, литий, графит және жоғары технологияға аса қажетті басқа да пайдалы қазбалардың мол қоры бар екенін еске салды.
– Біз тау-кен саласында еңбек ететін инвесторлар үшін ашық әрі мазмұнды заңнамаға негізделген қолайлы юрисдикция қалыптастырдық. Отандық тау-кен секторына қазірдің өзінде Ivanhoe, Rio Tinto, Anglo Teck және Fortescue сияқты ірі компаниялар келді, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев көлік және логистика секторындағы кең мүмкіндіктерге тоқталды. Сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытудың келешегі зор екеніне назар аударды.
– Біз Wabtec компаниясының еліміздегі машина жасау және теміржол көлігі салаларын ілгерілетудегі негізгі рөлін жоғары бағалаймыз. Қазақстан аталған компаниямен серіктесе отырып, физикалық желілерді ғана емес, үлкен дерекқорға негізделген интеллектуалды, интеграцияланған көлік дәліздерін де құрып жатыр. Бүгін Wabtec компаниясымен 4 миллиард долларға жуық қаржының жаңа келісіміне қол қойылды. Бұл еліміздің АҚШ-пен көлік саласындағы ынтымақтастығын айтарлықтай нығайтады. Air Astana және SCAT сияқты алдыңғы қатарлы әуе компаниялары Boeing ұшақтарын пайдаланады. Азаматтық авиация паркіміздің негізі осы ұшақтардан құралған. Біз Boeing компаниясымен ынтымақтастықты кеңейтуге және таяу жылдары жаңа ұшақтар алуға ниеттіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, өзара тиімді ынтымақтастықтың тағы бір перспективті бағыты – агроөнеркәсіп кешені. Егістік жерлерінің көлемі жағынан әлемде алтыншы орын алатын және ең ірі астық экспорттаушылардың ондығына кіретін Қазақстанның аталған саладағы мүмкіндіктері америкалық әріптестерді қызықтыруға тиіс.
– Америкалық компанияларды Қазақстанның ауыл шаруашылығы әлеуетін барынша пайдалануға шақырамыз. Біз PepsiCo және Mars компанияларының заманауи, экспортқа бағдарланған зауыт салу жоспарын құптаймыз. Аталған бастамалар Қазақстанның экспорттық қуатын арттырып қана қоймай, өнімдеріміздің жаңа өңірлік нарықтарға шығуына мүмкіндік береді. Ынтымақтастығымызды одан әрі нығайту үшін орнықты ауыл шаруашылығын дамытуды, су ресурстарын үнемдеп пайдалануды және аталған саланы цифрландыруды көздейтін ортақ Агроинновациялық бағдарлама жасауды ұсынамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент мән берген келесі басымдық – цифрлық трансформация. Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы үш жылда Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке және цифрлық трансформация мен жасанды интеллект саласында Еуразияда көш бастайтын ІТ-хабқа айналдыру жоспарымен бөлісті.
NVIDIA, Amazon, Starlink және Microsoft сияқты жаһандық технологиялық алпауыттар цифрлық экожүйемізді қалыптастыруға белсенді атсалысып жатыр. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл еліміздің ІТ саласындағы әлеуеті орасан зор екенін көрсетеді. Бұл ретте цифрлық активтер, Индустрия 4.0, жасанды интеллект және «ақылды қала» шешімдері өзара ықпалдастықтың перспективті бағыттары саналады.
Қаржы секторы туралы сөз қозғай отырып, Мемлекет басшысы дөңгелек үстел қатысушыларына «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін таныстырды. Қазіргі уақытта онда 80-нен аса елден 4200-ден астам компания тіркелген. Оның 60-тан астамы – америкалық компаниялар.
Қасым-Жомарт Тоқаев адами капиталды дамытудың маңызына ерекше тоқталды.
– Қазақстан бірте-бірте өңірлік академиялық және ғылыми-зерттеу хабына айналып келеді. Бүгінде елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы ашылған. Олардың қатарында Аризона университеті, Колорадо тау-кен мектебі, Дьюк университеті, Пенсильвания штаты университеті, Миннесота университеті және Нью-Йорк кино академиясы секілді америкалық жетекші жоғары оқу орындары бар, – деді Президент.
Сондай-ақ бүгінде «Болашақ» бағдарламасының 800-ден астам стипендия иегері АҚШ-тың Гарвард, Массачусетс технологиялық институты, Стэнфорд, Чикаго университеті секілді маңдайалды оқу орындарында білім алып жатыр.
Бұл ретте Мемлекет жас буын көшбасшыларын қалыптастыру үшін америкалық университеттермен және зерттеу орталықтарымен бірлескен жобалардың аясын кеңейтуді ұсынды.
Президент өз сөзінде мәдениетке бизнес тарапынан қолдау көрсету мәселесін де қозғады.
– Қазақстанның мәдени мұра қорын құру туралы Смитсон институтының шешімін ерекше ықыласпен қабыл алдым. Аталған қор халқымыздың бай мұрасын сақтау, зерттеу және әлемде насихаттаумен айналысады. Осы маңызды бастаманы белсенді түрде қолдағаны үшін Chevron компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Уирт мырзаға ришалығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Америка Құрама Штаттарымен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту еліміздің сыртқы саясатындағы ұзақ мерзімді басымдықтардың бірі екенін айтты.
– Қазақстан географиялық тұрғыдан сезімтал аймақта орналасқан. Біз өзіміздің стратегиялық мақсатымыздан, соның ішінде АҚШ-пен тығыз ынтымақтастық жасау ниетімізден айнымаймыз. Өйткені АҚШ біздің тәуелсіздігімізді әлемдегі алғашқы елдердің бірі болып мойындады және әрдайым Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдап келеді. Халқымыз Американың бұл ұстанымын шынайы құрметтейді. Елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси-экономикалық реформалар, ашық және инвестицияға қолайлы саясат жүргізу ұстанымы америкалық компаниялардың Қазақстанда алаңсыз бизнес жүргізуіне кепілдік береді әрі олардың сенімді, ұзақ мерзімді серіктес болуына мүмкіндік жасайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Отырыста АҚШ Сауда палатасының президенті Сюзанн Кларк, Chevron компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Уирт, АҚШ Сауда министрінің орынбасары Уильям Киммит, АҚШ Мемлекеттік хатшысының экономикалық өсім, энергетика және қоршаған орта мәселелері жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Томас Лерстен, NVIDIA компаниясының жасанды интеллект саласындағы жаһандық бастамалар бойынша вице-президенті Калиста Рэдмонд, Boston Consulting Group компаниясының директорлар кеңесінің жаһандық төрағасы Ричард Лессер, S&P Global компаниясының тәуелсіз рейтингтер және көпжақты қаржы институттары рейтингтері жөніндегі жаһандық бағытының басшысы, басқарушы директоры Роберто Сифон-Аревало, ExxonMobil Upstream Company президенті Дэн Амман, LanzaJet компаниясының бас атқарушы директоры Джимми Самарцис, The Boeing компаниясының вице-президенті Лэндон Лумис, Ashmore Group компаниясының бас атқарушы директоры Марк Кумбс, Visa компаниясы төрағасының орынбасары әрі персонал және корпоративтік мәселелер жөніндегі бас директоры Келли Тулье, Ivanhoe Mines Ltd. негізін қалаушы әрі директорлар кеңесінің атқарушы теңтөрағасы Роберт Фридланд, Колорад тау-кен ісі мектебінің президенті Пол Джонсон, GTM, OpenAI білім беру және мемлекеттік бағдарламалар бағыты бойынша жетекшісі Кевин Миллс, Mastercard компаниясының бас әкімшілік директоры Ричард Верма, Shell USA компаниясының президенті Колетт Хёрстиус, Honeywell Process Automation компаниясының президенті және атқарушы директоры Джеймс Массо, Amazon Kuiper компаниясының жаһандық тұтыну бағытының жетекшісі Лиза Скалпоне сөз сөйледі.