Қазақстаннан Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауды ұлғайту туралы келісімге қол қойды

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бастаған қазақстандық делегацияның Шанхай қаласына сапары аясында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ мен Қытайдың Shandong Hi-Speed Qilu Eurasia Railway Express Co. Ltd. компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Келісім аясында Қазақстаннан Қытай нарығына астық, мал азығы және майлы дақылдар экспортын кеңейту көзделген.
Келісім шарттық егіншілік моделін енгізуді қамтиды. Яғни, фермерлерден өнімді егіс науқаны кезеңінде-ақ алдын ала сатып алу тетігі қарастырылған.
Келіссөздерге Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы жанындағы Импорт және экспорт бюросының бас директоры Ли Цзинсун, «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Асылхан Джувашев, сондай-ақ қытайлық логистикалық компанияның өкілдері қатысты. Тараптар экспорт көлемін Шаньдун провинциясының теміржол инфрақұрылымын пайдалану арқылы арттыру мүмкіндіктерін талқылады. Сонымен қатар кедендік өзара іс-қимыл, логистика және бірлескен өңдеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«Қазақстан Қытай нарығына жыл сайын 3–4 миллион тоннаға дейін астық пен мал азығын экспорттау мүмкіндігіне ие.
Бүгінде ең әлеуетті бағыт – мал азығы ұнын өндіру. Біз қытайлық серіктестерді тек тасымалдау саласында ғана емес, сонымен қатар бірлескен өндірістік жобалар құруға шақырамыз. Сондай-ақ, өз тиімділігін дәлелдеген контейнерлік тасымал түрін қарастыруды ұсынамыз», – деді министр Айдарбек Сапаров.
Өз кезегінде Shandong Hi-Speed Qilu Eurasia Railway Express өкілдері екіжақты жобаларды дамытуға мүдделі екендігін білдіріп, қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімін сатып алу көлемін ұлғайтуға дайын екендерін айтты.
«Шаньдун провинциясы – ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтыну мен қайта өңдеу бойынша Қытайдағы жетекші өңірлердің бірі. Біз шетелдік жобаларды, соның ішінде Африка елдерінде іске асыру тәжірибесіне иеміз. Бұған дейінгі кездесулерде өнімді сатып алу, тасымалдау және өткізу тізбегін біріктіру жолдарын талқыладық. Ендігі мақсатымыз – импорт көлемін арттырып, болашақта Қазақстаннан 500 мың тонна өнім жеткізуге шығу», – деді компания өкілі.
Тараптар жуық арада жұмыс тобын құруға және оның құрамында логистика, кеден рәсімдері, өндірістік базаны дамыту, сондай-ақ жаңа келісімшарттарды әзірлеу бағыттарын үйлестіруге уағдаласты.