Сенаторлар Жасанды интеллект туралы заңға түзетулер енгізіп, оны Мәжіліске қайтарды

Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар Мемлекет басшысының Қазақстанды тиімді цифрлық мемлекетке айналдыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жасанды интеллектіге қатысты заңдар топтамасын қарады.
Палата отырысында сенаторлар «Жасанды интеллект туралы» заңды және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жасанды интеллект және цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды, сондай-ақ, екі оқылымда «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарады. Заңдардың нормалары жасанды интеллект саласындағы реттеудің негізгі ұғымдарын, принциптері мен тетіктерін анықтауды, жасанды интеллект жүйелерінің жіктелуі мен оларды қауіпсіз қолдануға қойылатын талаптарды белгілеуді және жасанды интеллектінің ұлттық платформасының жұмыс істеуінің құқықтық негіздерін құруды көздейді.
Сонымен қатар құжаттарда жалған ақпараттың таралуын болдырмау үшін жасанды интеллект қызметінің нәтижелерін машина оқитын нысанда міндетті таңбалау тетігін бекіту нормасы қарастырылған. Одан бөлек, еліміздің аумағында жасанды интеллект жүйелерін құру және пайдалану кезінде тыйым салынған функционалдық мүмкіндіктердің тізбесі назарға алынды.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында жасанды интеллект технологияларын экономиканың барлық саласына енгізуді тапсырды. Бүгін қаралған заңдар осы мақсатпен әзірленді. Бұл нормалар жасанды интеллект саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін құқықтық негіз қалыптастырады. Соған сәйкес «жасанды интеллект», «дерекнама» және басқа да бірқатар негізгі ұғымдар заң жүзінде анықталды. Заңдарды қарау барысында сенаторлар бірқатар ұсыныстар берді. Алдағы уақытта бұл заңдар цифрландыру саласында Мемлекет басшысы жүктеген нақты міндеттерді орындауға өз үлесін қосады деп сенеміз», – деп, Мәулен Әшімбаев заңдарға бастамашы болған депутаттарға ризашылық білдірді.
Сондай-ақ осы заңдар арқылы дербес деректерді қорғау және дербес деректер саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті күшейту үшін жалпыға қолжетімді көздерден деректерді мақсатсыз жинауға тыйым салынатынын атап өткен жөн. Субъектінің келісімінсіз биометриялық деректерді пайдалану шектеледі және жеке тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін деректерді міндетті түрде иесіздендіру көзделген. Жасанды интеллект саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жауаптылық та қарастырылып отыр. Сонымен бірге «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң арқылы энергетикалық сусындарды сатуға тыйымды бұзғаны, сондай-ақ, коммерциялық емес ұйымдарға санкция қолданғаны үшін жауаптылық енгізіледі.
Талқылау нәтижесінде сенаторлар заңдарды қолдап, оларға бірқатар түзету енгізуді ұсынды. Нақты айтқанда, он сегіз жасқа толмаған адамдарға темекі өнімдерін сатқаны үшін коммерциялық емес ұйымдардың әкімшілік жауаптылығын енгізу ұсынылды. Сондай-ақ жасанды интеллект жүйелерін пайдалана отырып жасалған туындылар адамның оларды жасауға шығармашылық үлесі болған жағдайда ғана авторлық құқықпен қорғалады деген түзету енгізу мәселесі сөз болды. Сенат депутаттары жасанды интеллект жүйелерін пайдалану кезіндегі тәуекелдерге қатысты өзгерістер бойынша да ұсыныстар берді. Осыған байланысты нормалардың біркелкі қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі және нақтылауды көздейтін түзетулерге сүйене отырып, заңдарды Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды.