Cемей0°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
538.11 623.51 6.61

Мәжіліс 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетті бекітті

Кеше, 18:48 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжіліс депутаттары Палата Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы және республикалық, облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы заңдарды қабылдады. Заң жобалары Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес Бюджет кодексінің талаптары бойынша әзірленді. Құжаттар Премьер-министр Олжас Бектенов пен Үкімет мүшелерінің қатысуымен қаралды.

«2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстырған Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2026 жылы кірістер биылғы болжаммен салыстырғанда 4,7 триллион теңгеге артып, 19,2 триллион теңгені құрайтынын мәлімдеді. Жоспарлы кезеңде олардың көлемі 2028 жылға қарай 23,2 трлн теңгеге дейін өседі деп болжанып отыр. Республикалық бюджет шығындары 2026 жылы 27,7 триллион теңгені, 2027 жылы 28,8 трлн теңгені, 2028 жылы 29,8 трлн теңгені құрамақ.

Қаржы министрі Мәди Такиев Бюджет әлеуметтік салаға бағдарланған күйінде қалып отырғанын атап өтті. 2026 жылы әлеуметтік салаға 10,7 трлн теңге, оның ішінде әлеуметтік төлемдерге 6,8 трлн теңге, адами капиталға салынатын инвестицияларға 3,9 трлн теңге бөлінеді. Сонымен қатар экономиканы ынталандыруға 1,2 триллион теңге бағыттау жоспарланып отыр, бұл салалық өсудің жаңа драйверлерін ашуға мүмкіндік береді.

Негізгі басымдықтардың бірі болып өңірлерді дамыту қала береді. Бұл мақсаттарға 2026-2028 жылдары 581 миллиард теңге бөлінбек, соның ішінде 2026 жылға 300 миллиард теңге қарастырылған. Бұл жобалар аса маңызды және республикалық маңызы бар жобалар болып белгіленді. Әкімдіктердің өз бетінше жұмыс жүргізу мүмкіндіктерін арттыру үшін 2026 жылы өңірлерге трансферттер арқылы 5,1 трлн теңге бөлінеді.

Заң жобасын қарау нәтижесінде депутаттар жалпы сомасы 2 триллион теңгеден асатын 130-дан астам түзету енгізуді ұсынды.

Соның ішінде 2026 жылы өңірлерді дамытуға Үкімет резерві есебінен қосымша 30 миллиард теңге бөлу көзделген. Бұл қаражат жылу және электр энергетикасына, газбен, сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға, жағалауларды нығайтуға және басқа да басым бағыттарға жұмсалады.

Сондай-ақ ұлттық экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін заң жобасына 1 триллион теңгені қайта бөлу бойынша түзетулер енгізілді. Ол отандық өндірісті дамытуға, өнеркәсіптік кәсіпорындарды қолдауға, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және аграрлық секторды технологиялық жаңғырту арқылы еңбек өнімділігін арттыруға бағытталады.

Республикалық, облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің (ЖСТ) көлемі туралы құжатты түсіндіре отырып, Серік Жұманғарин 2026 жылға субвенциялар 5,1 триллион теңге, ал алып қою 879,9 миллиард теңгені құрайтынын айтты. ЖСТ көлемдерін айқындау кезінде қазіргі нысаналы трансферттерден басқа агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға, үнемді суару технологияларын енгізуге, жаңадан іске қосылатын нысандарды күтіп ұстауға арналған және басқа да шығыстар ескерілген.

Депутаттар мемлекеттік борышқа қызмет көрсетуге арналған шығыстар есебінен өңірлерге берілетін субвенциялар көлемін 16,5 млрд теңгеге ұлғайтуды ұсынды. Бұл қаражат елді мекендердің әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту үшін қолданыстағы және жүзеге асырылып жатқан жобаларды аяқтауға, сондай-ақ ауылдардағы кәсіпкерлік субъектілерінің агроқұзыреттерін арттыруға, соның ішінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында жұмсалады деп жоспарланған.

Жалпы алғанда, министрліктің бағалауы бойынша, жергілікті бюджеттердің республикалық бюджетке тәуелділігі орта есеппен 50,7%-дан 33%-ға дейін төмендейді. Бұл тұрғыда 2028 жылға қарай Павлодар облысы өзін-өзі қамтамасыз ететін болады, ал Маңғыстау облысы қайтадан донорға айналады.

Талқылау барысында Мәжіліс депутаттары Үкімет мүшелерінен алдағы үш жылда экономика өсімінің баяулау себептерін, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, халықты жұмыспен қамту деңгейін сақтау, өңірлер арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықты жою және тағы да басқа жоспарлары жөнінде сұрады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив