Президент: Тәуелсіздік — бәрінен қымбат құндылығымыз
Президент Республика күніне арналған салтанатты жиында сөз сөйледі. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.
— Бұл күнді халқымыздың дербес ел болуына жол ашқан қастерлі күн деуге болады» «Еліміздің ең басты мерекесі — Республика күні құтты болсын! Ұлттық мейрам қарсаңында дәстүрге сай Ақорда төрінде мемлекетіміздің үздік азаматтарымен бірге жиналып отырмыз. Биыл еліміз азаттықтың мерейлі белесіне жетті. Осыдан 35 жыл бұрын Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Дәл осы күні сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүріміз қайта жаңғырды. Көп ұзамай жұртымыз Тәуелсіздік байрағын көтерді. Тарихи әділдік орнап, ұлттың рухы асқақтады. Сондықтан бұл күнді халқымыздың дербес ел болуына жол ашқан қастерлі күн деуге болады. Тәуелсіздік — бәрінен қымбат құндылығымыз. Оны сақтап, нығайта түсу — баршамызға ортақ қасиетті борыш. Егемендік — ата-бабаларымыздың ұлт мүддесі жолындағы өшпес ерлігінің айқын көрінісі, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы «Біз өткеннен сабақ алып, ешкімге жалтақтамай, өз жолымызбен жүріп келеміз» деді.
— Заңғар ойшыл Әбіш Кекілбаев «Өткеннен тағылым, ертеңнен үміт іздегендер ғана ілгері баса алады» деген. Біз әр кезеңде ұлт тарихында өшпес із қалдырған барлық мемлекет және қоғам қайраткерлеріне құрмет көрсетеміз, оларды ешқашан ұмытпаймыз. Сонымен бірге келешекке үлкен үмітпен, зор сеніммен қараймыз, биік мақсаттарға ұмтыламыз. Осы жылдарда еліміздің бағындырған белестері аз емес. Біз жер жүзіне егемен мемлекет ретінде танылдық. Шекарамызды шегендеп, іргемізді бекітіп, қауіпсіздігімізді қамтамасыз еттік. Бірлігімізді бекемдеп, татулық пен тұрақтылықтың арқасында түрлі сынақтардан сүрінбей өттік. Бүгінде жаһан жұрты еліміздің өсіп-өркендеп келе жатқанына куә болып, өз құрметін көрсетуде. Алайда кемшіліксіз, мінсіз жұмыс болмайтыны анық. Біз өткеннен сабақ алып, ешкімге жалтақтамай, өз жолымызбен жүріп келеміз. Соңғы жылдары халықтың әл-ауқатын арттыру үшін аса маңызды қадамдар жасалды. 2019 жылы ауқымды реформалар қолға алынды. Қазақстан жаңа тұрпатты ел болу жолына түсті. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңымызға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыреті кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Конституциялық сот құрылды. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты конституциялық мәртебеге ие болды. Биыл шілде айынан бастап Кассациялық сот жүйесі іске қосылды, бұл қоғамымызда әділеттілікті күшейтуге жағдай жасады, — деді Президент.
Айта кетейік, Республика күні қарсаңында Президент бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады.
Тағыда оқыңыз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзіМемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республика күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзіМемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзіҚасым-Жомарт Тоқаев: «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту»Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республика күніне орай мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарды салтанатты түрде тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзі