Республика күні Семейде жаңа саябақ ашылды
Ұлттық мереке – Республика күнінде Семей қаласындағы Қарағайлы ықшам ауданында жаңа саябақтың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға облыс әкімі Берік Уәли, зиялы қауым, құқық қорғау саласының өкілдері, ардагерлер, жастар, қала тұрғындары қатысты.
Салтанатты шара барысында аймақ басшысы қала тұрғындарын мерекемен құттықтап, жаңа саябақ шаһардың әлеуметтік және мәдени келбетін айқындайтын маңызды нысан екенін атап өтті.
Жаңа саябақтың құрылысы толық аяқталып, аумағы кең көлемде абаттандырылған. Көгалдандыру жұмыстары аясында мыңға жуық қарағай мен шырша көшеттері, 9 500-ден астам сәнді бұталар мен 8 000-ға жуық көпжылдық гүлдер егілді. Жалпы аумағы шамамен 53 мың шаршы метрді құрайтын саябақта серуен жолдары, демалыс аймақтары, сахна және мәдени-көпшілік іс-шараларға арналған ашық алаңдар қарастырылған.
Саябақтың басты нысандарының бірі – қазақ халқының рухани мұрасы мен тәуелсіздіктің символына айналған «Алтын адам» ескерткіші. Бұл ескерткіш ұлттық тарихқа тағзым ретінде орнатылып, саябақтың көркін айшықтап тұр.
Қала тұрғындары саябақтың ашылғанына ризашылықтарын жеткізді.
«Бүгін немерелерімді ертіп, жаңа саябаққа келдік. Бұрын бұл жақ бос жер болатын, ал қазір осындай әдемі, жайлы демалыс орны пайда болды. Айналасы жасыл желекке толы, балаларға арналған ойын алаңдары мен Алтын адам ескерткіші ерекше көрік беріп тұр. Отбасымен серуендеп, демалуға таптырмас орын», – деді Қарағайлы ықшам ауданының тұрғыны Нұрлыбек Қалиұлы.
Қысқа уақыт ішінде бой көтерген қоғамдық нысан тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз демалысын қамтамасыз етуге бағытталған. Саябақты салу барысында 24 мың шаршы метр аумақ көгалдандырылып, 20 370 шаршы метр жерге брусчатка тас төселді. Сондай-ақ 20 480 шаршы метр аумаққа асфальт жабындысы жайылды.
Шара соңында «Алатау серілері» тобы, Әміре Қашаубаев атындағы облыстық филармония әншілері өнер көрсетіп, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.










