Абай ауданында заманауи Арбат алаңы ашылды
Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында Абай ауданында жаңа мәдени нысан – Арбат алаңы халық игілігіне ұсынылды. Облыстық бюджет есебінен салынған бұл демалыс орны ауданның сәулеттік келбетін жаңартып, тұрғындар үшін маңызды мәдени-әлеуметтік кеңістікке айналмақ.
Салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Мейіржан Серікбосынұлы қатысып, жиналған қауымды қуанышты оқиғамен құттықтады. Ол өз сөзінде Арбат алаңының Абай мұрасын дәріптеуде және жастардың шығармашылық әлеуетін қолдауда ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Шара барысында ауданның құрметті ардагерлері лента қиып, нысанның ресми түрде ашылғанын жариялады.
Арбат алаңының басты айшықты элементі – ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының ұлағатты сөздері мен бейнесі көрініс тапқан көркем композициялар. Бұл нысан келушілерге ойлануға, шабыт алуға мүмкіндік беретін рухани-мәдени алаң ретінде қызмет етеді.
Көпфункциялы алаңда тұрғындар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға барлық жағдай жасалған. Ашық аспан астында өтетін концерттер, театрландырылған қойылымдар, ұлттық ойындар мен спорттық сайыстарға арналған арнайы аймақтар қарастырылған. Жайлы орындықтар, жарықтандыру жүйесі және абаттандырылған көгалдандыру жұмыстары Арбатты әдемі демалыс орнына айналдырды.
Жаңадан ашылған Арбат алаңы ауданның мәдени өмірін жандандырып, тұрғындар үшін жиі бас қосатын сүйікті орынға айналатынына сенім мол.







