Абай ауданының құтқарушылары үздік үштіктің қатарында
Төтенше жағдайлар ведомствосының 30 жылдық мерейтойына орай Абай облысы бойынша өрт сөндіру пунктерінің арасында алғаш рет кәсіби шеберлік жарысы ұйымдастырылды. Аталған сайыс құтқарушылардың дайындық деңгейін арттыру, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету дағдыларын шыңдау және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік берді.
Бәсекеге қабілетті командалар қатысқан бұл додада Абай ауданының ауылдық өрт сөндіру пунктінің құтқарушылары жоғары нәтижемен көзге түсіп, жүлделі III орынға ие болды. Құрама құрамындағы мамандар түрлі арнайы жаттығуларды сәтті орындап, кәсіби шеберліктерін толық дәлелдеді. Команданың әр мүшесі өрт сөндіру техникасын басқару, биіктікке көтерілу, жедел құтқару әдістері және алғашқы көмек көрсету бағыттары бойынша сынақтан өтті.
Сайыс қорытындысы бойынша үздік деп танылған Абай ауданының құтқарушылары Арнайы сыйлықтармен, сондай-ақ Абай облысының Төтенше жағдайлар департаменті басшысының Алғыс хатымен марапатталды. Бұл марапат олардың еңбегінің қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетеді.
Абай ауданының құтқарушыларының жетістігі олардың кәсіби біліктілігі мен жоғары жауапкершілігінің нәтижесі. Олар күнделікті қызметте тұрғындардың қауіпсіздігі үшін тәуекелге барып, қоғам тыныштығын сақтауда ерекше рөл атқарады.
Қоғам тыныштығы мен адам өмірін қорғау жолындағы адал еңбектері үшін Абай ауданының өрт сөндірушілеріне алғыс білдіріледі. Осындай табыстар жаңа белестерге жетелеп, төтенше жағдайлар қызметінің беделін одан әрі арттыра түсетіні сөзсіз.






