Cемей5°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
530.07 615.2 6.58

Қарауыл төбеде «Абай елі» рухани-мәдени стелласы салтанатты түрде ашылды

4-10-2025, 14:37 Думан Кенжеғазыұлы

Қарауыл төбесінде ұлы ойшыл, хәкім Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған ауқымды жоба – «Абай елі» рухани-мәдени монументалды стелласының ашылу рәсімі өтті. Бұл ескерткіш аудан халқының ынтымағы мен демеуші азаматтардың қолдауымен бой көтеріп, ел руханиятына қосылған маңызды туындыға айналды.

Стелланың авторы – белгілі мүсінші Нұрбол Қалиев. Биіктігі 12 метр, салмағы 8 тонна болатын бұл монумент терең философиялық мәні мен көркемдік шешімі арқылы ерекшеленеді. Шарада құттықтау сөз сөйлеп, осы игі іске үлес қосқан барша азаматтарға, мүсінші және оның шығармашылық тобына аудан атынан алғыс білдірілді.

Рухани ескерткіштің құрылымы төрт негізгі тұғырдан тұрады:

  1. Қауырсын қалам – Абайдың өлмес поэзиясы мен ұлт тілін асқақтатқан сөз қуатының нышаны.

  2. Қалқан – ел қорғаған батыр бабалардың даңқы және бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның қорғаны болған ерлердің рухы.

  3. Домбыра – Абайдың сазды әлемі, халықтың жүрегін тербеткен әуен мен рухани үндестік белгісі.

  4. Ақ бесік – ұлттың негізі, тәрбиенің бастауы, ұрпақ сабақтастығының киелі символы.

Ескерткіштің композициялық ұшар басында қарлығаш бейнесі орналасқан. Қарлығаш – тыныштықтың, тұрақтылықтың және береке-бірліктің жаршысы ретінде елдің ең ізгі тілектерін паш етеді.

Сонымен бірге ерекше мәнге ие элемент – адам алақаны бедерленген тақта. Ол ерлі-зайыптылардың ұрпағына ақ тілек арнап, берекелі өмір мен сүйіспеншілікті тілейтін ұлттық таныммен сабақтас философиялық ұғымды білдіреді.

«Абай елі» стелласы Қарауылдың айшықты нышанына айналып, Абай мұрасын ұлықтаудың жаңа рухани орталығы ретінде ел жадында қалмақ.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив