Заң аясында жауап береді
Абай облысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыс жалғасуда.Абай облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің қызметкерлері 2025 жылдың басынан бастап 800-ден астам азаматқа көмек көрсетті. Олардың жұмысының арқасында тұтынушыларға ақшалай қаражаттары қайтарылып, сапасыз, ақауы бар тауарлар ауыстырылды.
Өтініштердің басым бөлігі бөлшек саудаға, тұрмыстық техникаға, электрондық саудаға қатысты болды. Департамент қызметкерлері азаматтардың өтініштерін мұқият қарастырып, жазбаша талап қоюға көмектесіп, сотқа жүгінбей, дауларды бейбіт жолмен шешуге жәрдемдеседі. Нәтижесінде 400-ден астам тұтынушы өз мәселелерін сотқа жүгінбей, жазбаша наразылық арқылы шешті, бұл олардың уақыты мен қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берді.
Бұл бағыттағы жұмыс Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 42-4-бабына сәйкес қатаң жүзеге асырылды, аталған бапқа сәйкес, тауардың, орындалған жұмыстың немесе көрсетілген қызметтің кемшіліктері анықталған жағдайда тұтынушының сатушыға жазбаша наразылық арқылы талап қою құқығын белгілейді.
Сонымен қатар, 42-4-баптың 2-тармағына сәйкес, сатушы тұтынушының наразылығына оны алған күннен бастап он күн ішінде жауап беруге міндетті.
Наразылыққа жауап бермеу немесе уақытында жауап бермеу құқық бұзушылық болып табылады және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 190-бабы 5-бөлігінің 3-тармағына сәйкес кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Жыл басынан 12 кәсіпкерлік субъектісі тұтынушылардың наразылықтарына жауап бермегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Өткен жылмен салыстырғанда өтініштер саны 18 %-ке артқан, бұл халықтың құқықтық сауаттылығының және Департамент жұмысына деген сенімнің өскенін көрсетеді.
Абай облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті, Сіздерді тұтынушы ретінде құқықтарыңыз бұзылған жағдайда сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) наразылық хатын табыстауларыңызға құқықтарыңыз бар екенін хабарлайды.