Абай облысында жылыту маусымында өрт оқиғалары 44%-ға артты
Абай облысында жылыту маусымы басталғалы өрт оқиғаларының саны күрт артты. Биыл өңірде 304 өрт тіркеліп, бұл өткен маусыммен салыстырғанда 44-% ға көп. Кәсіпкерлерге тексерістерді ұйымдастыру және өткізу қағидалары, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі саласындағы заңнама талаптары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.Бұл туралы Абай облысы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы азаматтық қорғау капитаны Ерасыл Кәдірбеков баяндады.
Жалпы, ағымдағы жылдың 9 айында облыс аумағында 897 өрт оқиғасы тіркелген.Өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау «Азаматтық қорғау туралы» заңмен реттеледі. Бұл бақылау екіге бөлінеді жоспарлы және жоспардан тыс тексеру.
Аумағы 2000 шаршы метрден асатын, адамдар көп жиналатын нысан иелері міндетті түрде азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру шартын жасауы керек. Сақтандыру сомасы кемінде 75 000 АЕК болуы тиіс.
Абай облысында бүгінде 14 308 нысан бақылауда.Өрттің алдын алу бәріміздің ортақ міндетіміз. Әр азамат пен кәсіпкер қауіпсіздік ережелерін сақтап, электр мен газ құралдарын дұрыс пайдаланып, өрт сөндіргіш пен дабыл жүйесін дайын ұстауы қажет.