Өңірдегі сәулет-құрылыс нысандарының сапасына арналған жиын өтті
Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен жиында өңірдегі құрылыс сапасына мониторинг жүргізу барысы қаралды. Оған облыстық басқарма басшылары қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережимде қосылды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Абай облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Сайлауғалы Байназаров баяндады.
Басқарманың мәліметінше, аймақ басшысының хаттамалық тапсырмасына және Ұлттық экономика министрінің бұйрығына сәйкес облыстың қала-аудандарындағы 142 нысандағы құрылыс сапасына мониторинг жүргізілді. Мұндай мониторинг Абай облысы құрылғалы жүргізілмеген, атқарылған жұмыс негізінде қамтылған нысандардағы құрылыс сапасы, жұмыс кестесіне сәйкестігі ашық анықталды.
Сонымен қатар, 183 нысанға бірлескен тексеру жасалды. Семей қаласының сырт келбетін бұзып тұрған нысандарды ретке келтіру бағытында да мониторинг жүргізілді.
Жиын барысында басқарманың жүргізген мониторингіне сәйкес кемшіліктер анықталған аудан әкімдері мен осы салаға жауапты орынбасарлары аймақ басшысына олқылықтарды жою бойынша ақпарат берді.
Облыс әкімі жиында құрылыс сапасы мен қауіпсіздігіне, заң талаптарының сақталуына баса назар аударып, салаға жауапты орынбасары Серік Төленбергеновке құрылыс жұмыстарын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.










