Сенаторлар мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау туралы заңды Мәжіліске қайтарды
Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарады және Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді іске асыру аясында депутаттық сауалдарын жолдады.
Палата отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарады. Талқылау кезінде аталып өткендей, заңның қабылдануы зияткерлік қызмет нәтижелеріне құқықтарды сақтаудың және қорғаудың тиімді жүйесін құру, креативті индустрияларды дамыту, шығармашылық пен инновацияларды ынталандыру үшін тиісті жағдай жасауға ықпал етпек.
«Қаралған заң зияткерлік меншік құқығын қорғау тетіктерін жетілдіруді көздейді. Осы мақсатпен бірыңғай цифрлық платформа енгізіліп отыр. Жаңа платформа құқықтарды ұжымдық басқару жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар хабар тарату ұйымдарының айрықша құқықтарын нақтылайтын нормалар бар. Тауар таңбасын тіркеуге қажетті сараптама жүргізудің жеделдетілген тәртібі де қарастырылды. Көру қабілеті бұзылған азаматтарға ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмады. Жалпы, заң зияткерлік меншік құқығын қорғауды жетілдіруге және креативті экономика секторын дамытуға тың серпін береді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар, заңда белгілемені тауар белгісі ретінде тіркеуге қарсылық беру мерзімін 2 айға дейінгі мерзімге ұлғайтуға және үстірт сараптама жүргізу сатысында өнертабысқа патент беруден бас тарту мүмкіндігін белгілеуге қатысты нормалар қарастырылған. Заң арқылы мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарға жиналған, бөлінген, төленген сыйақы, оған басқаруға берілген құқықтар туралы және басқа да мәліметтерді бірыңғай цифрлық платформаға орналастырумен бірге басқа да бірқатар міндет жүктеледі.
Сенат отырысында депутаттар бастамашы болған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да екі оқылымда қаралды.
«Қаралған заң бірқатар саладағы құқықтық реттеуді одан әрі жетілдіруге бағытталған. Атап айтқанда, заңда бала асырап алуға қойылатын талаптарды күшейтуге арналған түзетулер топтамасы бар. Білім берудің сапасы мен қолжетімділігін кешенді түрде бағалау үшін білім беру ұйымдарына жүргізілетін мемлекеттік аттестаттау рәсімі де жетілдірілді. Кітапхана қорын дамыту және сақтау бойынша да бірқатар нақты шаралар қарастырылып отыр. Сондай-ақ халықтың санитария-эпидемиологиялық саулығын қамтамасыз ету үшін ерекше бақылаудың және қадағалаудың жаңа тетіктері енгізілді. Заңды қарау барысында сенаторлар жекелеген нормаларды жетілдіруге арналған ұсыныстар берді. Жалпы, заң еліміздің мәдениет, білім беру және мемлекеттік бақылау салаларын одан әрі дамытуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деп, Сенат Төрағасы заңға бастамашы болған депутаттарға ризашылық білдірді.
Заңнамалық нормаларға сәйкес концерттік іс-шаралар өткізу кезінде фонограммаларды пайдалануға тыйым салынады. Бұл ретте телевизиялық жазбалар және ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге арнайы бейімделмеген орындар қосылмайды. Мәдениет саласындағы тағы бір новелла атақты тұлғалардың құрметіне жеке білім беру ұйымдарына атаулар беру және қайта атау бойынша ономастикалық комиссиямен келісу рәсімінің енгізілуі болды.
Білім беру және мемлекеттік бақылау саласында да бірқатар маңызды түзетулер қарастырылған. Енді халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздарына, сондай-ақ, оларды дайындаған педагогтарға біржолғы төлем төленетін болады. Мемлекеттік білім беру тапсырысы есебінен оқыған, мемлекеттік жәрдемақы алушылар болып табылатын және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған немесе I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын адамдарды міндетті түрде жұмыспен өтеуден босату енгізіледі.
Сенаторлар талқылаудан кейін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды концептуалды тұрғыдан қолдап, оған бірқатар түзету енгізуді ұсынды. Атап айтқанда, білім беру жүйесін жақсартуға, балалардың құқықтарын қорғауға, білім беру қызметін реттеуге, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және мәдениет саласын дамытуға қатысты өзгерістер мен толықтырулар жөнінде ұсыныстар айтылды. Мәселен, «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңға өзгерістер енгізілді, соған сәйкес психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарда динамикалық бақылаудағы адам ұлттық алдын алу тетігінің тәлімгері және қатысушысы бола алмайды. Бұдан басқа, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар орта білім беру ұйымдарының мемлекеттік объектілерін салуды, реконструкциялауды және күрделі жөндеуді жыл сайын қаржыландыруды қамтамасыз ететін жергілікті атқарушы органдар тізімінен шығарылды. Тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатысты заңның жаңа тармағына сәйкес тауар (жұмыс, қызмет) туралы ақпарат міндетті түрде заңнамада белгіленген жағдайларда музыкалық туындыларды орындаушылардың ойын-сауық қызметтерін көрсетуі кезінде дауысты (вокалдық) фонограммаларды, аудиовизуалды жазбаларды пайдалануы жөніндегі нұсқауды қамтуға тиіс. Сондай-ақ заңның кейбір баптарын қолданысқа енгізу мерзімдері қайта қаралды. Нәтижесінде сенаторлар ұсынылған түзетулерді ескере отырып, аталған заңды Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады.
Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады.
Андрей Лукин Қазақстан армиясы қатарындағы әскери тәртіптің жай-күйіне алаңдаушылық білдіріп, Қарулы Күштердің жеке құрамы арасында құқық тәртібі мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелерін реттейтін заңнаманы жүйелі түрде жаңарту қажет екенін айтты.
Амангелді Нұғманов Моисеев су жинау нысанын салу мәселесі аймақ үшін стратегиялық және әлеуметтік маңызға ие екенін тілге тиек етіп, Үкіметті оның құрылысын жеке бақылауға алуға шақырды. Сенатордың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында әзірленген аса маңызды жобаға нақты себептерсіз орындалмай қалу қаупі төніп тұр.
Ғалиасқар Сарыбаев Премьер-Министрдің назарын Алматыдағы Көк-Төбе телемұнарасы мен Жетісу облысындағы «Үлкен Шаған» радиотелевизиялық стансасының инженерлік-техникалық, сейсмикалық, экологиялық проблемаларына аударды. Депутат бірқатар сын-қатерлерге тоқталып, жағдайды шешуге арналған нақты ұсыныстарын айтты.
Амангелді Есбай кәсіби біліктілігі жоқ жалған коучтар мен психологтардан зардап шеккендердің статистикасын келтіріп, қоғамдағы өзекті проблеманы көтерді. Сенатор азаматтардың психикалық, әлеуметтік және қаржылық қауіпсіздігіне қатер төндірмеу, отбасы институтын және балалардың құқықтарын қорғау үшін аталған мамандардың жауапкершілігін заңнамалық деңгейде қатаңдатуды ұсынды.