Боччадан Қазақстан Кубогы үшін жарыс басталды
Астанада жылдың басты спорттық сайыстарының бірі – паралимпиадалық боччадан Қазақстан Республикасының Кубогы үшін жарыс өтіп жатыр. Осыған орай елордадағы «Аспан» спорт кешенінде 8 корт жасақталып, алғаш рет алаң саны бойынша рекордтық көрсеткіш тіркелді. Еліміздің 15 өңірінен келген параспортшыларға Парламент Сенатының Төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев қолдау білдірді.
Мәулен Әшімбаев жарысқа қатысушыларға ілтипат білдіріп, жыл өткен сайын елімізде бочча қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың параспортшыларды қолдау, инклюзивті, кедергісіз орта қалыптастыру бағытындағы тапсырмаларын орындау аясында мүдделі тараптармен бірлесіп кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Ел Кубогы – сол ауқымды жұмыстың бір бөлігі. Сондай-ақ Федерация өкілдері мен жаттықтырушылар аталған сайыс Қазақстанда боччаны дамытуға, дәріптеуге, спорттық шеберлік деңгейін арттыруға және ұлттық құраманы жасақтауға бағытталғанын айтты.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде инклюзия мәдениетін одан әрі дамыту және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың спорт арқылы да қоғам өміріне толыққанды қатысуы үшін қажетті жағдай жасау маңызды міндет екенін үнемі айтып келеді. Бұл ретте бочча айрықша мәнге ие. Себебі, бұл – тәртіп қалыптастырып, стратегиялық ойлауды дамытатын және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ортаға бейімделуіне ықпал ететін спорт түрі. Сіздер боччадан Қазақстан Кубогы жолындағы жарысқа қатысу арқылы қоғамда маңызды құндылықтарды насихаттайсыздар. Сондай-ақ сіздердің табандылықтарыңыз бен еңбекқорлықтарыңыз замандастарыңызды ынталандыратыны анық», – деді Қазақстан Бочча федерациясының президенті.
Айта кетейік, жарыс 9-14 қараша күндері өтеді. Онда 11-14 жас аралығындағы жасөспірімдер мен 15 жастан асқан ересектер жеке, жұптық және командалық сайыстар бойынша бақ сынайды. Жарыс жолында еліміздің 15 өңірінен: Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл, Түркістан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай және Жетісу облыстарынан келген 120 параспортшы өзара мықтыны анықтайды.
Ел Кубогы жолындағы байрақты бәсекені Мүмкіндігі шектеулі спортшыларды спорттық даярлау орталығының, Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйытқы болуымен, сондай-ақ, серіктестер мен демеушілердің қолдауымен Қазақстан бочча федерациясы ұйымдастырғанын атап өткен жөн.