Cемей-12°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.55 524.28 4.75

Мәулен Әшімбаев боччадан республикалық жарыстың жеңімпаздарын марапаттады

7-03-2024, 13:10 Думан Кенжеғазыұлы

Парламент Сенатының Төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының Президенті Мәулен Әшімбаев аталған паралимпиадалық спорт түрінен дәстүрлі турнирдің жабылу рәсіміне қатысып, жеңімпаздарды марапаттады. Жарыс боччадан алғашқы қазақстандық жаттықтырушы Сұлтанбек Орынбасаровты еске алуға арналды.

Мәулен Әшімбаев сайысқа қатысушыларды турнирдің жоғары деңгейде өтуімен құттықтай келіп, Сұлтанбек Орынбасаровтың Қазақстанда бочча спортының қалыптасып, дамуына зор еңбек сіңіргенін атап өтті. Көшбасшылық, табандылық, спортқа адалдық сияқты қасиеттерімен танылған ол көпке үлгі көрсетіп, жүздеген баланың жеңіске деген құштарлығын оятты.

Федерация Президенті өткен үш жылдың ішінде елімізде аталған спортқа деген қызығушылардың қатары айтарлықтай артқанына назар аударды. Алғаш рет, яғни 2021 жылы сайысқа еліміздің 6 өңірінен келген 30 спортшы қатысқан. Ал, бұл жолы 10 өңірдің намысын қорғаған 70 спортшы бақ сынады. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, мұндай үрдіс инклюзивті орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстың маңыздылығын және мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы қауымдастықтың қаншалықты қажет екенін көрсетеді.

Сондай-ақ Сенат Спикері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инклюзивті қоғам құру мәселесіне үнемі баса мән беріп келе жатқанын айтты. Осыған байланысты елде кедергісіз орта қалыптастыру үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Берік институционалдық негіз қалыптасып, еліміздің ірі қалаларында бочча спортының үйірме-филиалдары ашылуда.

«Жүйелі жаттығулар параспортшыны одан әрі шыңдап, олардың төзімділігін арттырып, рухын қайрайды. Әр адам өзінің бойындағы осындай қасиеттерді күнделікті жетілдіріп, дамытып отыруы қажет. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қолдау көрсету және кедергісіз орта қалыптастыру мәселелеріне әрдайым баса мән беріп келеді. Бұл – біздің мемлекетіміз бен қоғамның алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Сондай-ақ осы мәселе Парламенттің де айрықша назарында», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Палата Төрағасы Қазақстан бочча федерациясының алдағы жұмыс жоспарына тоқталды. Бұл ретте Ұлттық құраманың кәсіби деңгейін арттыру, сол арқылы параспортшыларды қолдап, ынталандыру, елімізде аталған сайыс түрін одан әрі дәріптеу және «Баршаға арналған бочча» тұжырымдамасын іске асыру осы бағыттағы маңызды міндеттер ретінде белгіленгенін атап өткен жөн.

«Біз ерекше спортшыларды даярлау және жаттықтырушылар құрамын күшейту бағытындағы жұмысты жалғастыра береміз. Бұл істе өңірлерге басымдық берілетінін атап өткен жөн. Біз елімізде боччаны дамытудың негізгі екі бағытын белгілеп алдық. Біріншіден, әлеуеті жоғары параспортшыларды қолдаудың және олардың ірі халықаралық жарыстарға қатысуын қамтамасыз етудің маңызы зор. Екінші перспективалық бағыт – «Баршаға арналған бочча» тұжырымдамасы. Мүгедектігі бар азаматтардың ортаға бейімделуіне ықпал ететін мұндай қадам спорттағы инклюзивті және интеграцияланған тәсілдің жарқын көрінісі екені анық. Федерацияның осы екі бағыт бойынша атқаратын жұмысы боччаны серік еткен азаматтардың мүдделерін іске асыруа ықпал етеді деп сенеміз», – деген Мәулен Әшімбаев жарыстың жоғары деңгейде өткізілгеніне және оған қатысушылардың шеберліктеріне назар аударды.

Қазақстан бочча федерациясы мамандарының айтуынша, Федерация жеке жарыстармен қатар, алғаш рет командалық және жұптық сайыстар өткізіп отыр. Бұл турнир еліміздің үздік боччашыларын анықтау, инклюзивті қоғам құру жолында атқарылып жатқан жұмыстарға жұртшылықтың назарын аудару және мүгедектігі бар азаматтардың тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз етуді көздейді.

Айта кетейік, боччадан ашық республикалық турнир 4-6 наурыз күндері елордадағы «Аспан» спорт кешенінде өтті. Оған еліміздің 10 өңірінен, нақты айтқанда, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Қарағанды, Атырау, Павлодар, Маңғыстау, Жамбыл, Жетісу және Абай облыстарынан келген 70 спортшы қатысты.

Суретті түсірген: Н. Байбулин

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив