«Аналардың көзімен армия» акциясы Мақаншы өңірінде өтті
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментінің басшылығы Мақаншы ауданындағы шекара басқармасы мен оған қарасты бөлімшелерге арнайы жұмыс сапарымен барды. Сапардың басты мақсаты – сарбаздардың күнделікті тұрмыс-тіршілігімен, қызмет ету жағдайымен және әлеуметтік қамтамасыз етілуімен жақыннан танысу болды.
Бұл іс-шара республикалық «Аналардың көзімен армия» акциясы аясында ұйымдастырылды. Акцияға «Аналардың жүрегі – сарбаз аналар комитеті» республикалық қоғамдық бірлестігінің Абай облысы бойынша филиалының жетекшісі Марфуға Шаймуратқызы Бармашикова қатысты.
Марфуға Шаймуратқызы шекарашылардың казармасын, асханасын, медициналық пунктін және оқу-жаттығу бөлмелерін аралап көріп, сарбаздардың қызмет пен тұрмыс сапасына ерекше назар аударды. Ол өз сөзінде әскерде жүрген ұландардың қауіпсіздігі, денсаулығы мен психологиялық жай-күйі әрдайым басты назарда болуы керек екенін атап өтті.
Сапар барысында аналар комитетінің өкілдері сарбаздармен және олардың командирлерімен ашық сұхбат өткізді. Кездесу кезінде әскерилер өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын білдіріп, ата-аналарға әскери өмірдің күнделікті қыр-сырлары туралы ақпарат берілді.
Шараға департамент бастығы да қатысып, Мақаншы өңіріндегі шекарашылардың қызметіне жоғары баға берді. Ол сарбаздарға жасалып жатқан жағдайды одан әрі жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
«Аналардың көзімен армия» жобасы – ашықтық пен сенімді нығайтып, ата-аналарға әскери өмірмен жақын танысуға мүмкіндік беретін маңызды бастама. Мақаншы өңіріне жасалған бұл сапар шекарашы сарбаздардың тұрмысы мен қызмет ету жағдайының талапқа сай екенін көрсетті.


