Облыс әкімі іскер әйелдермен кездесті
Облыс әкімі Берік Уәли бүгін Семей қаласында өтетін облыстық әйелдер форумы қарсаңында қоғамда белсенді, түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген танымал әйелдер қауымымен кездесті. Оған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева, Астана қаласы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжанова, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі, «Мейірім құшағы» республикалық комиссиясының төрайымы Әйгерім Сәрсенбаева, Абай облысы әкімінің гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, «Асыл Мирас» орталығының директоры Арайлым Әлімжанова қатысты.
Кездесу барысында өңірдегі гендерлік саясат, әйелдердің қоғамдық, әлеуметтік және экономикалық өмірдегі рөлі, отбасылық-демографиялық бағыттағы өзекті мәселелер талқыланды. Форумға келген делегаттар әйелдердің қоғам өміріндегі белсенділігін арттыру, ана мен баланы қолдау шаралары, гендерлік теңдік бағытындағы бастамалар туралы пікірлерін ортаға салды.
Аймақ басшысы кездесуде айтылған ой-пікірлердің, бастамалардың маңызын атап өтіп, әйелдер мен балаларды қолдау, әлеуметтік саясаттың тиімділігін арттыру бағытындағы ұсыныстар жұмыс барысында ескерілетінін жеткізді.
Абай облысында әйелдердің экономикалық белсенділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биыл гранттық қаржыландыруға бөлінген 110 млн теңгенің 95 млн теңгесі 21 әйел кәсіпкерге берілді. «Даму» қоры арқылы 42 әйел 1,6 млрд теңге көлемінде субсидия алды. Әйелдер мемлекеттік қызметшілердің 58,4%-ын құрап, олардың 370-і басшылық лауазымдарда еңбек етуде. Шағын және орта бизнесте де әйелдердің үлесі артып келеді.



