Мәжіліс медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жазаны қатаңдату туралы заң жобасын қарайды
Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.
Бірінші оқылымда медицина қызметкерлеріне физикалық зорлық-зомбылық пен қатыгездік көрсеткені үшін жазаны қатаңдату жөніндегі Президент тапсырмасын орындау үшін әзірленген депутаттардың түзетулері қаралады.
Қылмыстық кодекске медицина мамандары мен жедел жәрдем жүргізушілерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде олардың өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қол сұққаны үшін жауапкершілік жүктейтін нормалар енгізіледі. Құқық бұзушылықтың ауырлығына қарай айыппұл мен бас бостандығын шектеуден бастап бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылады.
Екінші оқылымда депутаттар Құрылыс кодексі жобасын талқылайды. Құжаттағы қала құрылысы саясатының нормалары нақтыланып, құрылыстың сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талап күшейеді, сондай-ақ цифрлық рәсімдер мен жария талқылау тетіктері кеңейеді. Бұдан бөлек ғимараттардың негізгі құрылымына кепілдік мерзімін екі жылдан он жылға дейін ұзарту ұсынылады.
Жалпы отырыстың күн тәртібі жобасына Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы бірыңғай заң жобасы да енгізілді. Аталған құжат арқылы барлық алдын алу жүйесін қайта қарау және қолданыстағы бес заңды ауыстыру көзделген. Сондай-ақ банк секторының тұрақтылығын арттыруға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және ұлттық цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған банктер және банк қызметі туралы заң жобасы талқыланады. Екі заң жобасы да екінші оқылымда қаралады.