Cемей-1°С
Ауа-райы
  • Абай2°С
  • Аягөз-5°С
  • Ақсуат-3°С
  • Бородулиха-5°С
  • Қалбатау-4°С
  • Курчатов7°С
  • Көкпекті-3°С
  • Үржар4°С
503.89 587.54 6.48

Сенат жер қойнауын пайдалануды жетілдіру және әкімшілік әділет мәселелері туралы заңдарды мақұлдады

Бүгін, 13:31 Думан Кенжеғазыұлы

Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін депутаттар бастамашы болған бірқатар заң қаралды.

Отырыста сенаторлар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне көмірсутектер мен уран саласында жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады. Заңда аз зерттелген аумақтарда геологиялық зерттеу жүргізу ерекшеліктері және басқа да маңызды рәсімдер белгіленген.

«Қаралған заңға Мемлекет басшысының жер қойнауын пайдалануды жетілдіру жөнінде берген тапсырмаларын орындау үшін Парламенттің бір топ депутаты бастамашы болды. Жаңа нормалар еліміздегі көмірсутектерді геологиялық барлау ісін одан әрі дамытуды көздейді. Осы мақсатпен мұндай аумақтарда зерттеулер жүргізу үшін инвесторларды ынталандыру шаралары қарастырылды. Сонымен қатар уран өндіру саласында ұлттық мүдделердің ескерілуін қамтамасыз ететін нормалар бар. Жалпы, заң көмірсутектер мен уран өндірісі сияқты жетекші салалардың тұрақты дамуына оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Заңда жер қойнауын пайдаланушыларды мұнай өндіруді ұлғайтудың арнайы әдістерін қолдануға ынталандыру шаралары да қарастырылған. Алыпсатарлық мәмілелерді барынша азайту үшін келісімшарт қолданысының алғашқы үш жылы ішінде көмірсутектер саласында жер қойнауын пайдалану құқығын беруге тыйым салынады. Сондай-ақ заңда уран саласын дамыту бойынша бірқатар түзетулер бар. Мәселен, уранды барлау жөніндегі операцияларды жүргізу мақсатымен мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасында айқындалған уран кенденуі немесе уран кен орындары бар аумақтарда өтініш беруші ретінде уран саласындағы ұлттық компания ғана әрекет ете алады.

Сонымен қатар Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік әділет, норма шығару және заң көмегін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады.

«Заң әкімшілік әділет, заң шығару және заң көмегін ұйымдастыру салаларындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге арналған. Осыған байланысты жария-құқықтық даулардың жекелеген санаттарын Азаматтық процестік кодекстен және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстен Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске көшіру көзделіп отыр. Сондай-ақ әкімшілік рәсімдерді жүргізу тәртібі қайта қаралды. Норма шығару қызметін ғылыми сүйемелдеуге және азаматтарға құқықтық көмек көрсетуге арналған түзетулер де қарастырылған. Заң әкімшілік әділет саласын кеңейтуге және қоғамның әкімшілік рәсімдерге деген сенімін арттыруға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз», – деді Сенат Төрағасы.

Осы заң арқылы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексін, Азаматтық процестік, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстерін, сондай-ақ, басқа да заңдарды қоса алғанда, еліміздің бірқатар заңнамалық актісіне өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Кәсіби стандарттарды және адвокаттар тәуелсіздігінің кепілдігін арттыру, құқық үстемдігі қағидаттарына сәйкес олардың процестік құқықтарын қамтамасыз ету мақсатымен «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңға бірқатар түзету енгізу ұсынылды. Заңда адвокаттық қызметпен айналысуға лицензиядан айыру тетігі нақтыланады. Артық рәсімдер және әділет органдары мен адвокаттар алқасының өкілеттіліктерінің қайталануы алынып тасталады. Бұл түзетулер мемлекеттік бақылау және адвокатураның кәсіптік автономиясы арасындағы теңгерімді сақтау, адвокаттардың өзге де сот төрелігіне қатысушылармен бірге мемлекеттік құпияға қолжетімділігі тәртібін бір ретке келтіру, сондай-ақ, әділет органдарына әкімшілік жүктемені азайту үшін ұсынылып отыр.

Палата отырысында сенаторлар өзекті мәселелерді көтеріп, депутаттық сауалдарын да жолдады.

Нұртөре Жүсіп Үкіметті «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының кейбір ережелерін қайта қарауға шақырды. Сенатор бағдарламаға қатысушылардың міндеттемелерді орындамауы көзделген мақсатқа жеткізбейтінін және бюджет қаражатына айтарлықтай шығын әкелетінін атап өтті.

Ольга Булавкина «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында қаражаттың пайдаланылуын тиімді бақылауды қамтамасыз ету мәселесін көтерді.

Ғалиасқар Сарыбаев балаларға арналған ойын автоматтарының қызметін заңмен реттеу қажет екенін айтты. Өйткені бүгінде олардың балалар баратын орындар – мектептер, секциялар мен үйірмелер маңында көбейгені байқалады.

Жанна Асанова отандық фармацевтика саласын дамыту ісіндегі жүйелі түйткілдерге тоқталып, оларды еңсеру жолдарын ұсынды. Ұсыныстар қатарында Оқшаулау үшін молекулалар тізбесі, экономикалық есептеулері және инфрақұрылымдық талаптары бар субстанциялар шығару жөніндегі ұлттық бағдарлама әзірлеу туралы бастама бар.

Геннадий Шиповских жастар арасында қарызға тәуелділіктің күрт көбеюіне алаңдаушылық білдірді. Сенатор мәселені шешу үшін жастарға микрокредиттер беру тәртібін қатаңдату және мектептерде қаржылық сауаттылық пәнін енгізу қажет деп есептейді.

Бибігүл Жексенбай ауыл шаруашылығы өнімдерінің халықаралық сапа стандарттарын енгізуді, жемшөпке арналған нормативтерді бекітуді және мемлекеттік стандарттарда заттардың рұқсат етілген ең жоғары деңгейін нақтылауды ұсынды. Бұл сауалға қозғауға жануарлардан алынатын қазақстандық өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты мәселе себеп болғанын атап өткен жөн.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив