Балық шаруашылығы саласы өсім көрсетуде
Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов мәлімдеді.
Спикер 2025 жылдың 11 айындағы саланың жұмыс нәтижелерін, сондай-ақ секторды одан әрі дамыту жоспарлары мен шараларын таныстырды.
2025 жылдың 11 айында балық өнімдері нарығының көлемі 76,8 мың тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға артық (69,6 мың тонна). Осы кезеңде 38,5 мың тонна балық ауланды (өткен жылмен салыстырғанда +10%), 12,2 мың тонна балық өсірілді (+4%).
Кәсіптік балық аулау Атырау, Қызылорда, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында жүргізіледі. Салада 700-ден астам субъект жұмыс істейді, шамамен 12 мың балықшы еңбек етеді.
Елде халықаралық және республикалық маңызы бар 20, жергілікті маңызы бар шамамен 3 000 су айдыны бар. 2025 жылдың соңына дейін 63 мың тонна көлемінде балық аулау квотасы бөлінген, оның 1 қарашадағы жағдай бойынша 38,5 мың тоннасы немесе 61% игерілді.
Балықты қайта өңдеумен 72 кәсіпорын айналысады, олардың жалпы қуаты жылына 120 мың тоннаға жетеді. Соның ішінде 20 кәсіпорынға ЕО елдеріне экспорттауға рұқсат берілген.
Қазақстанның балық өнімдері Германия, Латвия, Литва, Нидерланды, Ресей, Қытай секілді 21 елге экспортталады.
2025 жылдың 10 айында 45 мың тонна дайын өнім өңделді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 мың тоннаға көп.
Қайта өңдеуді дамыту үшін мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Мәселен, қайта өңдеушілер үшін ҚҚС-ты 70%-ға төмендету, айналым қаражатын толықтыруға 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген кредит беру, ішкі қуаттарды жүктеу мақсатында өңделмеген балықты экспорттауға алты айлық тыйым (15 ақпаннан 15 тамызға дейін).
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында 2024 жылғы қазанда аумағы 108,6 мың га болатын «Каспий итбалығы» табиғи резерваты құрылды. Қазіргі таңда оның аумағын кеңейту және материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жүргізілуде.
Каспийдегі бекіре тұқымдас балықтардың популяциясын қалпына келтіру үшін Атырау бекіре балық өсіру зауыты жаңғыртылуда. Бұл шабақ өндіру көлемін 5 млн-нан 7,5 млн-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Балық шаруашылығы комитеті көлеңкелі айналымды азайту және заңсыз балық аулаудың алдын алу шараларын күшейтіп, аквашаруашылықты дамытуға ерекше назар аударылып отыр.
2021 жылдан бастап аквашаруашылықты субсидиялау көлемі 7 есе өсіп, 2025 жылы 3,5 млрд теңгеге жетті.
Шаруашылықтар саны 4 есе артып, 650-ге көбейді.
Балық өсіру бойынша Түркістан, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстары көш бастап тұр.
2021–2024 жылдары жалпы құны 21,4 млрд теңге болатын 87 жоба іске асырылды, олардың жобалық қуаты жылына 20 мың тонна өнім өндіруге мүмкіндік береді.
2030 жылға дейін жалпы инвестиция көлемі шамамен 50 млрд теңге болатын 44 ірі жоба пулын қалыптастырылды. Оларды жүзеге асыру балық өсіруді 16 мың тоннаға, қайта өңдеуді 17 мың тоннаға, жем өндірісін жылына 6,7 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.