Мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру көлемі 1,6 есе өсті – Энергетика министрлігі
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысында 2024 жылдың 11 айында отын-энергетика кешенінің дамуы туралы баяндады.
Мәселен, көрсетілген кезеңде мұнай мен конденсат өндіру көлемі 80,5 млн тоннаны немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 98%-ды құрады.
Оның ішінде мұнай-газ саласының ірі компаниялары бойынша:
Теңіз кен орнында аталған кезеңде 25,9 млн тонна мұнай өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 97,9%-ды құрайды.
Қашағандағы мұнай өндіру көлемі 15,8 млн тоннаны немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 92,8% болды.
Қарашығанақ жобасының көрсеткіші 11,1 млн тоннаны немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 100,9%-ды құрады.
«Өткен жылмен салыстырғанда өндіру деңгейінің төмендеуіне 2024 жылы ірі кен орындарында күрделі жөндеулер жүргізу әсер етті. Теңізде Келешекте кеңейту жобасының жоспарланып отырған іске қосылуына байланысты мамыр және тамыз айларында жалпы ұзақтығы 50 күн жөндеу жүргізілді, Қашағанда 21 күнге толық тоқтай отырып, слаг-кэтчерді ауыстыру бойынша жөндеу жүргізілді. Бұдан басқа, Қарашығанақ кен орнындағы өндірістің төмендеуіне жоспардан тыс тоқтаулар мен Орынбор газ өңдеу зауытының газды қабылдауды шектеуі, Каспий Құбыр Консорциумының жоспарлы-профилактикалық жұмыстарға тоқтауы әсер етті. Сондай-ақ биылғы 26 қазаннан бастап технологиялық ағынға будың ішкі ағуына байланысты Теңіз кен орнының екінші буын зауытындағы жөндеу жұмыстары әсер етті», — деп мәлімдеді министр.
Осыған байланысты, 2024 жылдың қорытындысы бойынша мұнайды өндіру 87,8 млн тонна деңгейінде күтіледі. Жоспарлы өндіру көрсеткішіне қол жеткізбеу мұнай экспорттауға әсер етті. Мәселен, есепті кезеңде 63,2 млн тонна мұнай экспортталды немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда – 98,3%.
Газ саласына тоқталсақ, Отын-энергетикалық кешенінің ахуалдық-талдамалық орталығы нақтылаған деректерге сәйкес есепті кезеңде 53,8 млрд текше метр газ өндірілді немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда – 100,2%. Есепті кезеңде 5,4 млрд текше метр тауарлық газ экспортталды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101,9%-ды құрайды. Тауарлық газды ішкі тұтыну көлемі 18,2 млрд текше метр құрады, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 109%-ға орындалды. Сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі 2,75 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103%-ды құрайды. Жалпы, 11 зауыт ішкі нарық үшін штаттық, жоспарлы режимде сұйытылған газ шығарады. Есепті кезеңде ел аумағында газ транзитінің көлемі 63,9 млрд текше метр құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 121,3%-ға тең.
Биылғы жылғы қаңтар-қараша айларының қорытындылары бойынша шамамен 12,3 млн тонна мұнай өнімдері өндірілді немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101,7%.
Оның ішінде:
- автобензин бойынша көрсеткіш 4,9 млн тоннаны немесе өткен жылмен салыстырғанда 102,1%-ды құрады;
- дизель отынын өндіру көлемі 4,9 млн тоннаны немесе өткен жылмен салыстырғанда 104,3%-ды құрады.
«Бүгінгі таңда автомобиль көлігімен бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің басқа да жекелеген түрлерін елден тыс жерлерге әкетуге тыйым салу туралы энергетика, қаржы министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірлескен бұйрығы қолданыста екенін атап өткім келеді. Авиаотын бойынша көрсеткіш шамамен 0,68 млн тоннаны құрады, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,4%-ға өсті», — деді Алмасадам Сәтқалиев.
Мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру көлемі 506,1 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 1,6 еседен астам.
Есепті кезеңде 106,7 млрд кВтсағат электр энергиясы өндірілді немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 104,7%. Қазіргі уақытта Республикада белгіленген қуаты 2903,7 МВт жаңартылатын энергия көздерін пайдалану бойынша 148 объект жұмыс істейді. Биылғы 11 айда жаңартылатын энергия көздері объектілерінен электр энергиясын өндіру 6,4 млрд кВтсағатты құрады. Бүгінгі таңда қуаты 34,95 МВт 3 жаңартылатын энергия көздерінің жобасы іске асырылды. Жыл соңына дейін қуаты 128,4 МВт тағы 5 ЖЭК объектісі пайдалануға беріледі деп күтілуде.