Мәжіліс коммуналдық меншіктегі энергия өндіруші ұйымдарға салық салу туралы түзетулерді екі оқылымда қабылдады
Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар Салық кодексіне коммуналдық меншіктегі энергия өндіруші ұйымдарға салық салу мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы заңды екі оқылымда қабылдады. Сондай-ақ күзет қызметі туралы заңды екінші оқылымда қабылдап, Моңғолиямен зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімді ратификациялады.
Мәжіліс қолданыстағы Салық кодексіне бір мезгілде электр энергиясын, су және жылу энергиясын өндіретін коммуналдық меншіктегі энергия өндіруші ұйымдарға салық салу мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы заңды бірінші және екінші оқылымда қабылдады. Құжаттың негізгі ережелерімен Мәжіліс депутаты, заң жобасының авторы Еділ Жаңбыршин таныстырды.
Оның айтуынша, заң аясында түзету авторлары мұндай ұйымдар алатын субсидияларды салық салудан босатуды ұсынып отыр. Бұл мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау аясында бөлінген қаржыны толық пайдалануға, мысалы, кредиторлық берешекті өтеуге немесе бизнесті дамытуға мүмкіндік береді.
– Бүгінгі таңда бір мезгілде электр энергиясын, су және жылу энергиясын өндірумен айналысатын коммуналдық энергия өндіруші ұйымға субсидия түрінде бөлінетін мемлекеттік қолдаудың елеулі бөлігі қарыздарды өтеу сияқты мақсаттарға жұмсалудың орнына, салық төлемдері ретінде қайтадан бюджетке қайтарылады. Мұндай жағдайда корпоративтік табыс салығын төлеу мемлекет бөлген қаржының іс жүзінде қайта бюджетке қайтарылуына әкеледі. Бұл мемлекеттік қолдаудың тиімділігін төмендетеді, – деді Е.Жаңбыршин.
Заңда мемлекеттік көмек (Үкіметтің және жергілікті атқарушы органдардың резервінен бөлінген субсидияларды қоса алғанда) 100 пайыз акциясы (жарғылық капиталға қатысу үлестері) мемлекетке тиесілі энергия өндіруші ұйымдар үшін табыс ретінде қарастырылмайтыны көрсетілген. Мұндай көмекпен жабылатын шығын салық салу кезінде шегерімге жатпайды.
Осы заң бойынша жұмыс тобының жетекшісі Берік Бейсенғалиев қолданыстағы Салық кодексіне енгізу жоспарланған түзетулер 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ретроспективті түрде қолданылатынын айтты. Сонымен қатар жаңа Салық кодексінде 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш жылға дейін осындай нормалар қарастырылғанын хабарлады.
Талқылау барысында депутат Николай Арсютин іс жүзінде коммуналдық меншіктегі энергия өндіруші ұйымдардың меншік құрылымы уақыт өте келе өзгеруі мүмкін екенін атап өтті. Мысалы, кейбір акция жеке инвесторға берілуі немесе компания жекешелендірілуі мүмкін. Осыған байланысты ол ұйымның өтпелі кезеңде жеңілдіктерге құқығы сақтала ма, жоқ па деген сауал қойды.
Еділ Жаңбыршин өз жауабына жеңілдік тек қана атаулы сипатқа ие екенін, ол заң бойынша тек коммуналдық қызметтерге қатысты қолданылатынын атап өтті. Жеке ұйымдар мұндай жеңілдік алмайтынын айтты.
Депутаттар сонымен қатар Салық кодексіне енгізілген түзетулердің неліктен нақты стратегиялық нысан үшін пайда салығын төмендетуге ғана бағытталғанына, сондай-ақ «Маңғыстау атом энергетикалық комбинатын» қалпына келтіру жоспарына қатысты сұрақтарын қойды. Бұдан бөлек бизнесті мемлекеттік қолдаудың тиімділігі мен оның салдарын талдауға, мәселелерді жедел шешуге баса назар аударылды.
Мәжіліс жекеменшік күзет ұйымдары мен қару иелеріне қатысты мемлекеттік бақылауды күшейтетін күзет қызметі туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Құжатқа Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Мәжіліс депутаттары бастамашы болды. Жұмыс тобының жетекшісі Магеррам Магеррамов түзетулерде қауіпсіздік органдарының құқығы мен қару айналымына қатысты заң талаптары нақтыланатынын айтты.
Атап айтқанда, азаматтық және қызметтік ойық ұңғылы атыс қаруын тексеру үшін атып көру талабы енгізіледі. Қару ұстайтын заңды тұлғалар қызметін тоқтатқаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде қару мен оның патрондарын ішкі істер органдарына сақтауға тапсыруға міндетті болады.
Заңда сонымен қатар күзет қызметін ұсынушылар үшін жаңа міндеттемелер белгіленеді. Олар уәкілетті органға міндетті түрде есеп беруге, қызметті тоқтата тұру немесе қайта бастау туралы 5 жұмыс күні ішінде хабарлауға тиіс болады. Жеке күзет ұйымдарының филиалдары мен өкілдіктерінің басшыларына, сондай-ақ қарапайым күзет қызметкерлеріне міндетті талаптар енгізіледі.
Түзетулерде құқық қорғау органдарының қарауындағы қару негізінде Мемлекеттік оқ-гильза қоймасын құруға мемлекеттік бақылау талаптары нақтыланады.
Құжатқа «Әскерилендірілген теміржол күзеті» тұжырымдамасы енеді. Бұл – акцияларының бақылау пакеті ұлттық басқарушы холдингке немесе Ұлттық теміржол компаниясына тиесілі құрылым. Оның міндеті – транзиттік теміржол бағыттарында жүк пен заттарды үздіксіз қорғауды қамтамасыз ету.
Жекелеген түзетулер жиынтығы құқық қорғау органдары қызметкерлерін, сондай-ақ арнайы мемлекеттік, азаматтық қорғаныс органдарын және әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыру тәртібін жетілдіреді.
Мәжіліс 2024 жылғы 29 қазанда Ұлан-Батыр қаласында қол қойылған Қазақстан мен Моңғолия үкіметтері арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады. Құжат туралы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы Виктория Шегай баяндады.
Жұмыс тобының жетекшісі Нұрлан Әуесбаев қосымша баяндамасында бұл келісім Қазақстан мен Моңғолия азаматтарын зейнетақымен қамтамасыз ету жөніндегі әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Олар екі ел аумағында қоныс аударған жағдайда жинақталған жұмыс тәжірибесі ескеріліп, зейнетақы төлемдеріне қосылады. Сонымен қатар Моңғолияға көшкен кезде қазақстандық азаматтардың жинақталған зейнетақылары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан аударылады.
Келісімді іске асыру халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, әлеуметтік кепілдіктер мен азаматтардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ екі ел арасындағы өзара сенімді арттыруға ықпал етеді.
Талқылау барысында депутаттар жауапты мемлекеттік органдардың өкілдерінен екі ел азаматтарының жұмыс тәжірибесін тексеру тетіктері және Қазақстан мен Моңғолияның зейнетақы жүйелеріндегі айырмашылықтар қалай ескерілетіні туралы сұрады. Моңғолияға көшкен Қазақстан азаматтарына жинақталған зейнетақы жарналарын төлеу тәртібі де талқыланды. Депутаттар сондай-ақ зейнетақымен қамсыздандыру саласында басқа елдермен ынтымақтастықты дамыту жоспарларына назар аударды.
Жалпы отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 18 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен телеграм арнасында жарияланды.